Үйлерінен, көліктерін және жер телімдерін тартып алған: Қазақстанда ломбардтың бұрынғы директоры түрме жазасына кесілді
Адамдарға қарызға ақша беріп, орнына үйлері мен көліктерін тартып алған Рита Утеуованың ісін кассациялық сот қарайды. Тергеу материалдары бойынша, әйел қарыз алушыларға алған ақшасынан бірнеше есе көп соманы шартта көрсетіп, мүлкін кепілге алған. Қарыз алушылар баспанасы мен көлігінен айырылған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
“Kozachkov offside” Telegram-арнасының хабарлауынша, Рита Утеуова заңды түрде жұмыс істеген "Евро Ломбард" ұйымының директоры болған. Ол қаржыға мұқтаж адамдарға қарыз беріп, келісімшарттарға нақты берілген сомадан әлдеқайда көп ақша жазғаны үшін айыпталған.

Мысал ретінде, әйелдердің бірі 4 миллион теңге қарыз алғысы келген. Алайда Утеуова құны 50 миллион теңге болатын, ипотекада тұрған үйін кепілге қоюға көндірген. Кейін тараптар үйді сату туралы келісімге қол қойған. Нәтижесінде қарыз алушы баспанасынан айырылып, оған келтірілген шығын 27 миллион теңгеден асқан. Тағы бір азамат Утеуовадан шамамен 50 мың доллар қарыз алып, достарына тиесілі үш мүліктің құжаттарын кепілге берген. Сонымен қатар өз үйін уақытша әйелдің атына рәсімдеген. Ақырында ол үйінен де, қымбат көлігінен де айырылған. Тағы бір әйел баласына ота жасату үшін 7 миллион теңге сұраған. Бірақ қарыз шартына 14 миллион теңге жазылып, оның пәтері кепілге қойылған. Әйел ақшаны уақытында қайтара алмаған соң, пәтері сатылып, түскен қаражаттың басым бөлігі Утеуоваға кеткен.
Тергеу 2016 жылы басталған. Кейін зардап шеккен азаматтар құқық қорғау органдарына арыздана бастаған. Іс бойынша алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және өз бетінше әрекет етуге қатысты 15 эпизод тіркелген. 2024 жылы іс Алматыдағы Алмалы аудандық сотына жеткенімен, Рита Утеуова ақталып шыққан. Қалалық соттың апелляциялық алқасы да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған. Алайда Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығын қарап, ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Қайта қарау кезінде Утеуова мен оның сыбайластары алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Негізгі айыпталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, оның көмекшілеріне бұдан бір-екі жылға аз жаза тағайындалған.
Енді сотталғандардың ісін кассациялық сот қарайды. Сонымен қатар Утеуоваға тиесілі мүліктердің тағдыры да шешіледі. Кассациялық соттың шешімі ұзаққа созылған іске нүкте қоюы мүмкін.
Тергеу барысында оның әртүрлі өңірлерде орналасқан он жер телімі, басқа да жылжымайтын мүліктері және төрт көлігі бары анықталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда онлайн несие бермес бұрын азаматтарға жеті сұрақ қоюды көздейтін жаңа ережелер күшіне енетіні туралы жазған едік.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды