Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға онлайн несие бермес бұрын жеті сұрақ қойылады: Жаңа ережелер күшіне енеді

онлайн несие тексеру сұрақ
Фото: pexels.com

1 қазаннан бастап қазақстандықтар кей онлайн несиелерді рәсімдеу алдында ақшаны кімнің ұсынысымен алып жатқанын және алаяқтардың ықпалында ма, жоқ па соны анықтайтын сұрақтарға жауап беруі керек. Жаңа талаптар банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты қолданылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа ережелер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 15 мамырда қабылдаған қаулыларымен бекітілген. Алайда оның кейбір нормалары 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

Жаңа талаптар интернет арқылы рәсімделетін және мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттерге қатысты.

Несие шартын жасамас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы клиентке сауалнама жүргізуі керек. Сауалнаманың мақсаты – алаяқтықты анықтау немесе адамның үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет етіп отыр ма, жоқ па тексеру.

Сауалнамада қандай сұрақтар қойылады

Сауалнама жеті сұрақты қамтиды. Қарыз алушыдан несиені кімнің ұсынысымен рәсімдеп жатқаны сұралады:

  • Ол несиені өзі алуға шешім қабылдады ма?
  • Таныстарының кеңесіне құлақ асты ма?
  • Қауіпсіздік қызметінің, полицияның немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалды ма?” деген сынды сұрақтар қойылады. 

Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдары төмендегіні анықтайды:

  • Адамның несиені өзі үшін рәсімдеп жатқанын немесе үшінші тұлғалардың өтінішімен алып жатыр ма?
  • Ақшаның не үшін қажет екенін – жеке қажеттілігіне, "шотты тексеру" үшін, "қате аударымды қайтару" үшін немесе "қауіпсіз шот" деп аталатын шотқа ақша аудару үшін бе?
  • Несие шарттарын – сомасын, мерзімін, пайыздық мөлшерлемесін және төлем кестесін түсінетінін;
  • Оған біреудің қысым көрсетіп, несиені шұғыл рәсімдеуді талап етіп жатқанын;
  • Біреудің несиені рәсімдегенін банк, микроқаржы ұйымы қызметкерлерінен немесе туыстарынан жасыруды сұраған-сұрамағанын;
  • Бұған дейін біреудің "ақшаңызды қорғауды" немесе "шоттағы операцияларды тексеруді" ұсынған қоңыраулар түскен-түспегенін анықтайды.

 Банк алаяқтық екенін анықтаса, не болады

Егер клиенттің жауаптары алаяқтық болуы мүмкін екенін немесе адамның үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет етіп жатқанын көрсетсе, қаржы ұйымы несие алу жағдайына қатысты қосымша тексеру жүргізуі керек.

Сонымен қатар клиентке ықтимал алаяқтық әрекеттерге байланысты тәуекелдер туралы қосымша түсіндіріледі.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 14:32