1,9 млрд теңгенің алаяқтық несиесі есептен шығарылды: Қаржы нарығын реттеу агенттігі қазақстандықтың петициясына жауап берді

2025 жылы Қазақстанда алаяқтар рәсімдеген 1,9 млрд теңгеге жуық несиелер есептен шығарылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктер мен микроқаржы ұйымдары биыл 1,6 мың алаяқтық несиені жойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Петиция авторы Жандос Маратұлы 20 шілдеде агенттік төрағасының отставкасын талап етіп, елдегі қаржылық алаяқтықтың көбеюіне, микроқаржы ұйымдарының жұмысына бақылаудың әлсіздігіне және банкаралық QR-төлемдер бойынша жоғары комиссияларға қатысты пікір білдірген.
Агенттік QR-төлемдерге қатысты комиссияларды белгілеу өз құзыретіне кірмейтінін, бұл мәселе Ұлттық банктің құзырында екенін атап өтті.
Микроқаржы ұйымдарын қадағалау бойынша агенттік 2021 жылдан бері түрлі заңбұзушылықтар үшін 127 микроқаржы ұйымы мен 135 коллекторлық агенттіктің лицензиясын қайтарып алғанын хабарлады.
Қарыз жүктемесін азайту мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы 33,9 мың қарыз алушының негізгі берешегі, сыйақысы, айыппұлы мен өсімпұлы толық немесе ішінара есептен шығарылды. Сонымен қатар 722 мың адамның несиесі қайта құрылымдалды.
2024 жылы несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі төмендетілді:
- кепілсіз банк несиелері мен микрокредиттер бойынша – 56%-дан 46%-ға дейін;
- кепілмен берілетін несиелер бойынша – 56%-дан 40%-ға дейін;
- 45 АЕК-ке дейінгі (194 625 теңге), 45 күннен аспайтын онлайн микрокредиттер бойынша тәуліктік мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін қысқартылды.
Қаржылық алаяқтықпен күрес аясында агенттік құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Елде жұмыс істейтін Антифрод-орталық 2025 жылдың басынан бері 163 мыңнан астам күмәнді операцияны анықтап, жалпы сомасы 68 млрд теңгенің алаяқтық әрекетінің алдын алды. Оның ішінде 28,9 млрд теңге көлеміндегі операциялар бұғатталған.
Сонымен қатар агенттік заңнамалық деңгейде алаяқтық жолмен рәсімделетін несиелердің алдын алу үшін бірқатар өзгеріс енгізген. Олардың қатарында:
- міндетті биометриялық сәйкестендіру;
- онлайн несие беруде "салқындату кезеңін" енгізу;
- алғашқы несиені рәсімдеу кезінде клиенттің жеке қатысуын талап ету;
- тергеу аяқталғанға дейін алаяқтық несие бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
- алаяқтық несиелерді сотқа дейін және сот арқылы есептен шығарудың негіздерін кеңейту бар.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті төрт микроқаржы ұйымының 55,9 млрд теңге айналымнан 6,1 млрд теңге салық төлемегенін анықтаған еді. Ведомство мәліметінше, компаниялар қосымша ақылы қызметтерден түскен табысты ҚҚС-тан босатылған операция ретінде көрсетіп, салықты азайтқан. Қазір тағы 26 млрд теңгеге жуық операция бойынша тексеру жалғасып жатыр.
Оқыңыз