Микроқаржы ұйымдары табысын жасырып, миллиардтаған салықтан жалтарған

Мемлекеттік кірістер комитеті 55,9 миллиард теңге айналым жасап, 6,1 миллиард теңге салық төлемеген төрт микроқаржы ұйымды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, тексеру нәтижелерін апелляциялық саты да, соттар да растаған.
Сонымен қатар салық органдары тағы 26 миллиард теңгеге жуық операцияны тексеріп жатыр. Бұл – сақтандыру агенттік қызметі аясындағы мәмілелер, мұнда да табыстың бір бөлігі ҚҚС-тан босатылған ретінде көрсетілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті микроқаржы ұйымдар қарыз беру операциялары бойынша ғана ҚҚС төлемейтінін еске салды. Ал барлық қосымша ақылы қызметтер салыққа жатады.
Тексеру барысында кейбір компаниялардың “кепілдік” деп аталатын схема қолданғаны анықталды. Ақпаратқа сәйкес, микронесие рәсімдеу кезінде клиенттерге бөлек келісімшартқа қол қою ұсынылған. Ресми түрде бұл міндеттемені қамтамасыз етуге арналған қаржылық қызмет ретінде көрсетілген.
Алайда талдау мұндай “кепілдіктердің” шектеулі жағдайда ғана іске асатынын, ал мерзімі несие бойынша төлемді кейінге қалдыру кезеңімен сәйкес келетінін көрсетті. Яғни, шын мәнінде бұл кепілдік емес, төлем мерзімін ұзарту қызметі болған. Клиенттер осы қызмет үшін ақы төлегенімен, компаниялар бұл табысты ҚҚС-тан босатылған ретінде көрсеткен.
Ведомство компаниялар формалды түрде бөлек келісімшарт жасағанымен, іс жүзінде несиеге қызмет көрсетуге қатысты бір ғана ақылы қызмет көрсеткен атап өтті. Бұл өз кезегінде салықтан босатылған ретінде көрсетілген ірі айналым қалыптастыруға мүмкіндік берген.
Қазір тексерістер жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша салық органдары тиісті шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді ломбардқа сақина, сырғасын тастап, төлемін кешіктіргендерге несие берілмейтіні хабарланған еді.
Егер азамат алтын бұйымын кепілге қойып, қарызын уақытында өтемесе, бұл дерек кредиттік бюрода тіркеледі. Соның салдарынан банк кейін несие беруден бас тартуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, ломбардтар да қарыз, өтеу мерзімі және кешіктірілген берешек туралы мәліметті кредиттік бюроға жіберуге міндетті. Ал мұндай ақпарат жүйеде кемінде бес жыл сақталады.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен
Оқыңыз