2025 жылы интернет алаяқтар көп қолданған бес тәсіл

2025 жылы Қазақстан азаматтары интернеттегі алаяқтардың кесірінен 12,2 млрд теңгесінен айырылған. Бұл ақшаны алу үшін алаяқтар күнде әртүрлі айла ойлап таппайды. Көбіне адамдарды алдаудың небәрі бес-ақ тәсілін қайта-қайта қолданған. Ол қандай тәсілдер? Неге адамдар бәрін біле тұра қателеседі? Бұл материалда алаяқ хабарласқанда не істеу керек екенін қарапайым тілмен түсіндіреміз.
Бас прокуратураның дерегінше, былтыр интернет алаяқтық бойынша 29 мыңға жуық іс тіркелген. Бұл 2025 жылы елде тіркелген барлық құқық бұзу фактісінің – 23,3 пайызы, яғни Қазақстанда жасалатын әр төртінші құқық бұзушылық – интернет алаяқтық.
Былтыр тіркелген интернет алаяқтықтың ішінде ең көп қолданылған тәсілдер мынадай:

Банктен түскен жалған SMS пен қоңыраулар – 6 812. Әр төртінші алаяқтық осы тәсіл арқылы жасалады. Сізге хабарласқан бейтаныс адам көбіне өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, “шотыңыз бұғатталады”, “күдікті операция анықталды” деп қорқытады. Олар әңгімені әдейі тездетеді: “дәл қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырыласыз” деп қысым жасайды. Сол сәтте адам қорқып, ойланып үлгермей, SMS-кодты, карта нөмірін немесе басқа да құпия мәліметтерді айтып қоюы мүмкін. Кей жағдайда алаяқтар сіздің аты-жөніңізді, соңғы транзакцияңызды немесе тұратын жеріңізді айтып, сенімнен шығуға тырысады. Өйткені олар сіз туралы алдын ала деректер жинап алады.
Бұл жағдайда не істеу керек?
Ешқашан біреуге телефон арқылы SMS-кодты, CVV-кодты, құпия сөзіңізді айтпаңыз. Егер сізден мұндай деректерді сұраса, әңгімені бірден тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз. Алаяқтар көбіне “шұғыл”, “қазір әрекет етпесеңіз кеш болады” деген сөздерді жиі қолданады. Бұл – адамды асықтырып, ойлануға уақыт бермеу үшін қолданылатын психологиялық тәсіл. Ең маңыздысы: банк қызметкері ешқашан сізден құпия код немесе толық карта деректерін сұрамайды. Егер сұрап жатса, сіз сөйлесіп тұрған адам – алаяқ.

Жалған хабарландыру – 5 768. Бұл – 2025 жылы алаяқтар ең көп қолданған екінші тәсіл. Мұнда олар пәтер жалдау, жұмыс, арзан тауарлар сияқты ұсыныстар арқылы алдайды. Көп жағдайда олар ұсынған баға нарықтағыдан әлдеқайда төмен болады немесе шарттары тым “тиімді” көрінеді. Алаяқтар сізді қызықтырып қана қоймай, тез шешім қабылдауға итермелейді: “адамдар осы тауарды көп сұрап жатыр”, “бұл заттың соңғы данасы қалды”, “қазір брондамасаңыз, басқа адам алып қояды” деп асықтырады. Соның салдарынан адамдар ақпаратты тексермей, алдын ала ақша аударып жіберуі мүмкін. Кей жағдайда олар жалған фото, басқа адамдардың хатын көшіріп, тіпті жалған пікірлер мен “скриншоттар” да көрсетеді, яғни бәрі сенімді көрінуі үшін арнайы дайындалады.
Не істеу керек?
Ешкімге алдын ала ақша аудармаңыз, әсіресе бейтаныс адамға. Хабарландырудағы ақпаратты басқа сайттармен салыстырып, тексеріңіз. Мүмкін болса, тауарды немесе қызметті көзбен көрмейінше ақша төлемеңіз. Өте арзан немесе тым тиімді ұсыныс – көбіне алаяқтықтың белгісі.
Фишинг (жеке деректерді ұрлау) – 5 420. Көп жағдайда алаяқтар сізге банк, жеткізу қызметі немесе танымал қызметтер атынан хабарлама жібереді. Хабарламада “сәлемдемеңіз келді”, “аккаунтыңыз бұғатталады”, “бонус ұттыңыз” деген сияқты мәтін болады. Сол хат соңында сілтеме болады. Ол сырт көзге ресми сайтқа ұқсауы мүмкін. Адамдар сілтемеге кіріп, логинін, құпия сөзін немесе карта деректерін енгізген сәтте, бұл ақпарат бірден алаяқтардың қолына өтеді. Кейде мұндай сілтемелерді WhatsApp, Telegram немесе электрон пошта арқылы жібереді.
Сізге жіберілген сайттың атауы да шынайы атауға өте ұқсас болуы мүмкін. Бірақ оған мұқият қарасаңыз, міндетті түрде ресми сайттан айырмашылығы тек бір-екі әріпте не белгіде болуы мүмкін.
Не істеу керек?
Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Сондай хат келіп жатса, банктің немесе сервистің ресми сайтын іздеу жүйесіне өзіңіз теріп кіріңіз. Егер хабарлама таныс-туысқаныңыздан келсе, ол адамға өзіңіз қоңырау шалып сұраңыз. Көбіне ол адамның мессенджерін хакер бұзған болып шығады. Өзіңізге түсініксіз қосымшаларды жүктемеңіз. Мүмкін болса, жеке дерегіңізді еш жерге термеңіз. Бұл – алаяқтар жиі қолданатын тәсіл.
Онлайн қарыз рәсімдеу – 5 005. Бұл кезде алаяқтар бөтен адамның деректерімен несие рәсімдейді немесе сізді “несиені оңай алыңыз” деп алдайды. Көп жағдайда олар өздерін “делдал” немесе “қаржы кеңесшісі” ретінде таныстырып, қысқа уақытта несие алып беруге уәде етеді. Мысалы, “несие тарихыңыз нашар болса да көмектесеміз”, “банк бермесе, біз рәсімдеп береміз” деген ұсыныстар жиі кездеседі. Осы сылтаумен олар сізден жеке деректеріңізді, SMS-кодтарды немесе онлайн-банкингке кіру мүмкіндігін сұрайды. Кей жағдайда алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеп, ақшаны өз шоттарына аударып алады. Ал қарызды төлеу міндеті сіздің мойныңызда қалады.
Не істеу керек?
Ешқашан бейтаныс адамға жеке деректеріңізді бермеңіз. “Оңай несие” немесе “кепілсіз ақша” деген ұсыныстарға күмәнмен қараңыз. Несиені тек ресми банк немесе қаржы ұйымдары арқылы рәсімдеңіз. Ешкім сізге оңай және тез несие алып бермейді. Мұндай ұсыныстардың артында көбіне алаяқтық тұрады.
Интернеттегі сауда – 4 868. Тауардың ақысын алдын ала төлетіп, кейін жоғалып кету – алаяқтар ең жиі қолданатын схема. Әдетте олар әлеуметтік желіде немесе маркетплейстерде өте тартымды, тиімді ұсыныс жариялайды: бағасы арзан, сапасы “жоғары”, жеткізу қызметі “тегін” болады. Мұны көрген адамдар қызығып, сатушымен байланысқа шығады. Сол кезде алаяқ “тапсырысты рәсімдеу үшін алдын ала төлем керек”, “брондау керек” деп ақша сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін байланыс үзіледі немесе түрлі сылтаумен уақыт созып, ақырында мүлде жоғалып кетеді. Кей жағдайда алаяқтар жалған интернет дүкен жасап, онда тауардың әдемі суреттерін, жалған пікірлер шығарып, тіпті “жеңілдік” деп жазып қояды. Сырт көзге бәрі сенімді көрінеді.
Не істеу керек?
Ешқашан бейтаныс сатушыға алдын ала төлем жасамаңыз, әсіресе жеке картаға аударуды сұраса, бірден күмән туындауы керек. Сатушының немесе оның сайтының барлық дерегін тексеріңіз: сайтын қай уақытта тіркеген, иесі кім, клиенттері шынайы ма, желідегі парақшасындағы аудитория белсенді ме? Мүмкін болса, тауардың ақысын зат қолыңызға тигеннен кейін төлеңіз. Есіңізде болсын, өте арзан баға – көбіне алаяқтықтың белгісі.
Америкалық кәсіпкер, әлемдегі ең табысты инвесторлардың бірі Уоррен Баффет адамдарға ақшаға қатысты мынадай кеңес берген: "№1 ереже – ақшаңды жоғалтпа. №2 ереже – бірінші ережені ұмытпа". Яғни, “ақшаңды көбейтемін деп жүріп, негізгі капиталыңды қорғауды ұмытпа” дейді. Егер күмәнді қоңырау түссе, белгісіз сілтеме келсе немесе “шұғыл шешім” талап етілсе, ең дұрысы тоқтап, ақпаратты тексеру. Осындай жағдайда не істеу керек екенін түсіну үшін сенімді дереккөздерге жүгінген дұрыс.

Мысалы, Home Credit Bank-тің ресми сайтында қауіпсіздікке арналған арнайы "БЛОГ" бөлімі бар. Онда ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдері, қандай жағдайда не істеу керек екені және өзіңізді қалай қорғауға болатыны қарапайым тілмен сұрақ-жауап форматында түсіндірілген. Сонымен қатар банктің блогында қаржылық сауат, жеке деректерді қорғау және қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы материалдар тұрақты жарияланып отырады. Қысқасы, қауіпсіздік деген күрделі нәрсе емес. Бұл – дұрыс ақпаратты оқып-біліп, оны дер кезінде қолдану.
Жалпы қаржы сауатыңызды арттырғыңыз келсе, Home Credit Bank-тің сайтында пайдалы мақалалар бар. Онда сіз жеке қаржыны басқару, жоспарлау, несиені дұрыс таңдау, банк картасын қолдану, инвестиция жасау және тағы басқа күнделікті өмірге қажет көптеген мәліметті оқи аласыз.
"Әліби, өмір сүр!": Тоқалымен көңіл жарастырған жігітті кәсіпкер Қайрат Жамалиев қалай азаптады