Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бизнеске арналған жаңа кеңістік: BI Group BION мен NEXPO Business нысандарын таныстырды

BI Group құрылыс холдингі Алматыда екі жаңа бизнес-кеңістік жобасын – BION мен NEXPO Business-ті таныстырды. Нысандардың жалпы ауданы 200 мың шаршы метрден асады. Заманауи орталықтар қаладағы сапалы кеңсе алаңдарының нұсқаларын арттырып, іскерлік инфрақұрылымның дамуына қолдау көрсетуге арналған. Бұл нысандардың іске қосылуы ауданның экономикалық белсенділігін күшейтетін қосымша драйверге айналып, 25 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді деп болжанып отыр. 

BION — Әл-Фараби даңғылында Villa dei Fiori, Esentai Mall және The Ritz-Carlton Almaty жанында орналасқан А+ санатындағы көпсалалы бизнес-экожүйе. Нысанның жалпы ауданы 100 000 шаршы метрден асады, оның шамамен 66 000 шаршы метрі — кеңселерге, 20 000 шаршы метрі — retail-кеңістіктерге, 4 200 шаршы метрі — wellness center-ге арналған. Сонымен қатар, BION аумағында іс-шаралар өткізуге арналған орындар, дәмханалар мен мейрамханалар қарастырылған. Нысанды пайдалануға 2028 жылдың IV тоқсанынан 2030 жылдың II тоқсанына дейін кезең-кезеңімен беру жоспарланған.

BION-ның басты артықшылығы — оның жан-жақтылығында. 16/24 деген BION тұжырымдамасы кешенді тәулігіне 16 сағатқа дейін белсенді пайдалануды көздейді, яғни қайнап жатқан іскерлік ортаны жұмыс уақытынан бөлек кезде де қалыптастырады. Мұнда клиенттермен кездесуге, іс-шаралар өткізуге және түрлі сервистерді пайдалануға болады. Жобада заманауи автоматтандырудың техникалық стандарттары, экологиялық қауіпсіздіктің жоғары талаптары және электромобильдерге арналған қуаттау стансалары қарастырылған.

Архитектуралық тұжырымдамасын Сингапурдағы Resorts World Sentosa мен Абу-Дабидегі Ferrari World жобаларын жасаған халықаралық BENOY бюросының қатысуымен әзірлеген. BION қала картасында жаңа қызықты нүктеге айналады, бұл нысан жергілікті бизнес үшін де, түрлі елдерден келген инвесторлар үшін де сүйікті орынға айналуы мүмкін. Жоба BREEAM Excellent деген экологиялық сертификаттаудың әлемдік жоғары стандартына қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл - нысанның тартымдылығын инфрақұрылым сапасы мен ESG-стандарттарына жоғары талап қоятын жергілікті және халықаралық компаниялар үшін арттыра түседі.

"Біз үшін бизнеске де, қалаға да серпін беретін нысандарды құру - өте маңызды. BION мен NEXPO Business — жалға алушылар үшін де, серіктестер мен инвесторлар үшін де сапалы кеңістіктер, орналасқан жері ыңғайлы, инженерлік шешімдері заманауи және кәсіби басқарылатын мүмкіндіктері бар айқын құндылығы бар жобалар", — деп атап өтті BI Development South компаниясының CEO-сы Расул Мустафин.
Расул Мустафин

Расул Мұстафиннің айтуынша, бизнес орталықтың салынуы аумақтың инфрақұрылымына қосымша күш түсірмейді. 

Компания өкілі алдағы уақытта BION премиум сегменттегі озық нысандардың біріне айналады дейді.

Бизнеске арналған келесі нысан – NEXPO Business Құлжа тас жолында Aport Mall East-тің қарсысында, Halyk Arena мен Алматы метрополитенінің болашақ желісінің жанында орналасқан. Жоба қаланың перспективалы бағыттарының бірі болып саналатын "Шығыс қақпалары" полицентрін дамытуға үлес қосады. Бұл аудан жаңа іскерлік және қоғамдық орталық ретінде белсенді дамып келеді. Мұнда 45 мың көрерменге арналған стадион, "Алматылық Венеция", логистикалық хаб және ірі көлік торабы сияқты заманауи инфрақұрылым қалыптасуда, бұл - бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Жаңа B+ санатындағы орталықтың негізінде — заманауи кеңсе форматы, ыңғайлы логистика және оңтайлы ұйымдастырылған кеңістік жатыр. NEXPO Business-тің архитектуралық тұжырымдамасын Changi әуежайы мен Gardens by the Bay кешені сияқты әйгілі жобаларымен танымал сингапурлық CPG Corporation бюросы әзірлеген. Бизнес-орталықтың дизайны Шарын шатқалының геометриясы мен қазақ мәдениетіне негізделіп жасалған. Бизнес-орталықтың бірінші кезеңінің ауданы шамамен 23 000 шаршы метр. Болашақта жоба кезең-кезеңімен 100 000 шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Нысанды кезең-кезеңімен пайдалануға беру 2028 жылдың III тоқсанынан 2031 жылдың III тоқсанына дейін жоспарланған.

NEXPO Business күнделікті жұмысқа арналған түсінікті, заманауи әрі ыңғайлы кеңсе іздеген компанияларға сай келеді. Бұл — орналасқан жері ыңғайлы, инфрақұрылымы қолайлы және кеңістікті өз қажеттіліктеріне қарай ұйымдастыра алатын мүмкіндігі бар орынды іздейтіндерге арналған жоба. Бизнес үшін бұл - процестерді тиімді ұйымдастыруға, қызметкерлер мен клиенттерге қолайлы жағдай жасауға және нысанды пайдалану барысында сапасына сенімді болуға болады дегенді білдіреді.

“Алматының “Шығыс қақпасы” саналатын бағыт – даму әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Дегенмен ол жаққа А санатындағы бизнес орталық салуға әлі ерте. Бірақ 7-8 жылда Құлжа тасжолы бағытында да премиум сегменттегі тұрғын үйлер кешені мен бизнес орталықтар салынады деп сенемін. NEXPO Business те BION сияқты қатаң тексеріс пен бақылаудан кейін ғана салынады. Себебі жақын маңда әуежай бар. Сондықтан нысанның биіктігі де есептеледі”, – деп түйіндеді BI Development South компаниясының CEO-сы Расул Мустафин.

Екі жоба да Алматы үшін дәл қазір аса маңызды. Қала өсіп келеді, бизнес іскерлік кеңістіктердің сапасына жоғары талап қоя бастады, ал локацияны таңдау компанияның имиджіне ғана емес, оның тиімділігіне де жиі әсер етеді. BION мен NEXPO Business заман талабына сай, нарыққа айқын артықшылықтары мен мықты өнімдік логикасы бар заманауи коммерциялық жылжымайтын мүлік форматтарын ұсынады.

Назархан Уән
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 19:00