Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты

кинотеатрдағы жағдай
Фото: threads.com желісінен скрин

Кейінгі кезде елімізде кинотеатрлар мен концерт залдарында "Аяғыңды түсіріп отыр", "Телефон жарқылын өшір", "Басқаларға кедергі келтірме" деп ескерту айтқызатын көрермендердің мәдениетіне қатысты дау-дамай көбейді. Мұндай жағдайларға қатысты қазақстандықтар не дейді? Stan.kz тілшісі көпшіліктің ашуын туғызған оқиғаларды жинақтады.

"Аяғыңды түсіріп отыр..."

Ақтөбелік тұрғын Көркемай кинотеатрға барған кезде басқа көрерменнің ерсі қылығының куәгері болған. Оның айтуынша, алдында отырған әйел шұлығын шешіп, жалаңаяғын креслоға көтеріп қойған. Осы жағдайды көрген ол қоғамдық орындардағы мәдениет мәселесін көтеріп, "Сонда әркім тек өз жайлылығын ойлап жүре бере ме? Этика мен эстетика деген де бар ғой" деп ренішін білдірген. Әйелдің әрекетін көпшілік оқырман да әдепсіздік деп бағалап, мұндай қылықтардың қоғамдық орындарда орын алмауы керектігін айтты.

Әйелдің әрекетін көпшілік оқырмандар әдепсіздік деп санап, осындай адамдардан жиіркенетіндерін жеткізді.

Ал Дарья кинотеатрға баруды әлдеқашан қойғанын айтып, көрермендердің мәдениетіне шағымданды.

"Кинотеатрға бармайтын болдым. Жасөспірімдер де, ересектер де тамақтарын сақылдатып жейді, сөйлеседі, арттарынан қоқыс қалдырады. Тіпті кішкентай балаларын ертіп алып түнгі сеанстарға келеді. Алматыдағы адамдарға не болғанын түсінбеймін. Қарапайым қоғамдық тәртіпті сақтауды білмейді", – деді ол.

Аружан есімді оқырман да мұндай жағдайда үнсіз видео түсіріп отырмай, сол жерде ескерту жасау керек деп санайды.

"Бірден аяғыңды түсір деп айту керек еді. Бұрыс әрекетті көргенде мәселені сол жерде шешуге үйрену керек. Ешкім үндемесе, олар мұны қалыпты нәрсе деп ойлап жүре береді", – деп пікір білдірді ол.

Өз оқиғасын бөліскен Амир Құлғатов кинотеатрда көрген жағымсыз жағдайды еске алды.

"Аватар 2" фильміне барғанмын. Фильмнің соңына қарай сол құлағымның тұсынан бірдеңе тигендей болды. Қарасам, артымда отырған шамамен 10-12 жастағы бала аяғын басымның қасындағы орындықтың арқалығына қойып алған. Қасында әкесі отырды, бірақ оған бәрібір сияқты көрінді. Мұндайға қатты таңғалдым", – деп жазды ол.

Тағы бір оқырман кинотеатрда өзі куә болған ұқсас жағдайды айтып берді. Сонымен қатар “осындай әдет қазір сән болып кеткен бе?” деп таңданысын білдірді.

"Фильмді тыныш отырып көріп жатқанмын. Бір кезде артымдағы орындықтар қозғала бастады. Бұрылып қарасам, біреудің аяғы мен отырған қатарға дейін салбырап тұр екен. Мен 6-қатардың 13-орнында отырдым, ал әлгі аяқ 7-қатардағы 10-11-орындардың тұсынан шығып тұрды. Алғашында мұны жігіттер немесе мектеп оқушылары шығар деп ойладым. Бірақ фильм аяқталған соң қызығушылықпен қарап едім, олардың жас қыздар екенін көрдім. Сонда мұны не үшін жасайды?" – деп жазды ол.
кинотеатр
Фото: threads.com желісінен скрин

Кейбір желі қолданушылары мұндай адамдар қоғамдық ортада өзін ұстай білмесе, үйде отырғаны дұрыс деп есептейді.

"Кішкентай балаларын алып келетіндерді түсінбеймін"

Екі баланың анасы Аида Мурзанова да кинотеатрларда кешкі сеанстарға кішкентай балаларды алып келу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда ата-аналар да фильмді толық тамашалай алмайды.

"Екі кішкентай балам бар. Біз кинотеатрға күндізгі сеанстарға ғана барамыз, соның өзінде белгілі бір қиындықтар туындайды. Ал кешкі сеанстарға бару мүлде мүмкін емес деуге болады. Кішкентай балалар бір орында ұзақ отыра алмайды, тез жалығып кетеді де, зал ішінде ары-бері жүріп, басқа көрермендерге кедергі келтіре бастайды. Оның үстіне кешкі сеанстарға келушілердің басым бөлігі – ересекте", – деді Аида Мурзанова.

Аиданың айтуынша, мәселе тек көрермендердің жайлылығында емес. Ол кинотеатрларда кешкі уақытта сәбилер мен кішкентай балалардың жиі мазасызданып, ата-аналардың да фильмді толық көре алмай қалатынын бірнеше рет байқаған.

"Ересектер арналған кешкі фильмдерге емізулі сәбилер мен өте кішкентай балаларды алып келеді. Соның салдарынан балалар зал ішінде жүгіріп жүреді, ал нәрестелер шошып, жылап қалады. Ал аналар болса бүкіл фильм бойы баласын жұбатамын деп баспалдақ маңында ары-бері жүруге мәжбүр. Әрине, аналардың да үйден шығып, орта ауыстырып, демалғысы келеді. Бірақ мұндай жағдайда ешкім ұтпайды. Ана да фильмді дұрыс көре алмайды, бала да ешқандай әсер алмайды. Керісінше, кішкентай бала үшін бұл – артық шу, қорқыныш пен күйзеліс. Сондықтан мұндай тәуекелдің қажеті бар ма деген сұрақ туындайды", – дейді Аида Мурзанова.

"Телефон жарқылына бола жанжал шықты"

Блогер Шапағат Қыстаубай концерт кезінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде екі қыздың телефон жарқылын қосып алып, видео түсіріп, айналасындағы көрермендерге кедергі келтіргені үшін арттарында отырған әйелдің ескерту жасаған видеосын талқылады.

Видеоны жариялаған қыздар оны "Видеомыздың быт-шытын шығарды. Телефон жарқылына бола жанжал шықты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп ойлайсыздар?" деген жазбамен бөліскен.

Шапағат Қыстаубайдың айтуынша, ол қыздарға наразылық білдірген әйелдің әрекетін қолдайды. 

“Шағымданған әйелге ризашылығымды білдіремін. Ол әлгі екі қызға орынды түрде ескерту жасап, өз пікірін ашық айтты. Ал видеоны жариялаған қыз жұртшылық оны қолдайды деп ойлаған шығар, бірақ керісінше көп сын естіген соң, жазбасын өшіріп тастаған сияқты. Маған келсек, мен де алғашында үндемей, шыдап отырар едім. Бірақ мұндай жағдай төрт-бес рет қайталанса, мен де дәл сол әйел сияқты реакция білдіруім мүмкін. Өйткені алдыңда біреу жарқылды қосып қойып, билеп, видео түсіріп тұрса, бұл айналасындағы адамдарға қолайсыздық туғызады", – дейді Шапағат Қыстаубай.
@sharapat.kystaubai

А вы бы подрались или просто высказывали свое недовольство в такой ситуации? Подпишитесь, здесь обзоры и разборы 😉

♬ оригинальный звук - Мастер тета/12лет бизнеса/ниша

Шапағаттың айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – жеке шекараны құрметтеу. Әсіресе Z-ұрпағының арасында осы түсінік кейде жеткіліксіз қалыптасқан. Әр адам өз еркіндігі өзгелердің жайлылығы мен құқығына кедергі келтірмеуі керек екенін түсінуі қажет дейді ол.

"Концертке келген соң бәрі жақсы көңіл-күймен демалғысы келеді. Сондықтан телефонның жарқылын қосып алып ұзақ уақыт видео түсіру немесе басқалардың көрінісін жауып тұру әдепке жатпайды. Мұндай әрекет өзгелердің концерттен ләззат алуына кедергі келтіреді", - дейді Шапағат Қыстаубай.

Концерттегі пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

 

"Жүз рет суретке түскен шығар"

Пікір қалдырушылардың бір бөлігі концерт кезінде өзгелерге кедергі келтірмеу мәселесін көтерді. Гүлнар есімді қолданушы концертке өзі де барғанын айтып, концерт басталғанға дейін өзін және сіңлісін жарқылсыз түсіріп алғанын, кейін тек сахнаны ғана видеоға түсіргенін жазды.

"Бірақ мен жанымда тұрған қыздардың барлық видеосында көрініп қалыппын. Соның кесірінен еркін билеп, ән айтып, концерттен толық ләззат ала алмадым. Мен де зумермін, бәрін түсінемін. Бірақ әр ән сайын, тәулік бойы дерлік жарқыл қосып, өзіңді түсіріп, басқаларға кедергі жасау дұрыс емес. Мұны барып тұрған сорақылық дер едім", – деп жазды Гүлнар.

Тағы бір оқырман өзінің Қайрат Нұртастың концертіндегі тәжірибесімен бөлісті.

"Жақында Қайрат Нұртастың концертінде болдым. Концерт өте жақсы өтті. Бірақ адамдар жүз рет суретке түскен шығар. Шынымды айтсам, концерттен гөрі адамдардың фотоға түскенін көбірек көрдік. Бір рет түссе түсінер едім, бірақ қайта-қайта барып, қайта-қайта суретке түсе береді", – деп жазды ол.

Сонымен қатар кейбір желі қолданушылары мәселе тек телефон жарқылында емес екенін атап өтті. Олардың айтуынша, көпшілік орындарда бейтаныс адамдардың видеосына түсіп қалу да қолайсыздық тудырады. Басқалары тұтас бір ұрпақты кінәлауға қарсы шығып, мұндай жағдай адамның жасына емес, тәрбиесіне байланысты екенін айтты. 

пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Ал енді бірі концерт кезінде өзгелердің көрінісін жауып, сахнаны тамашалауға кедергі келтіретін адамдарға да наразылық білдірді.

"Бүкіл концертті бүкіл денесімен жауып тұратын адамдарды да түсінбеймін" деп жазды олар.

Еске салайық, былтыр әлемдік жұлдыз, әнші Jennifer Lopez Астанадағы концерті кезінде тағы бір жағымсыз оқиға тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше адамның қызды көтеріп алып кетіп бара жатқаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, ол концерт барысында өзін әдепсіз ұстап, айналасындағы көрермендерді итеріп, өнер кешін тамашалауға кедергі келтірген. Осыған байланысты жұртшылық арасында қызу талқылау басталды.

Кейінірек Астана қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматшаға қатысты тиісті шаралар қабылданғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жанжалдың ушығуына жол бермеу мақсатында әйел концерт аумағынан шығарылған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Полиция азаматшаның ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірінің жұбайы екенін растады. Алайда бұл жағдай оның әрекеттеріне құқықтық баға беруге ешқандай әсер етпейтінін атап өтті. Керісінше, құқық қорғау саласындағы қызметкердің отбасы мүшесі ретінде оған қоғамдық орындардағы тәртібі үшін жоғары жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 09:00