Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуроодақ қазақстандық компанияларға қарсы санкциялар енгізетінін мәлімдеді

еуроодақ туы
Фото: depositphotos.com

Еуропалық Одақ Қазақстандағы бірқатар компанияларға қарсы санкциялар енгізетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакеті бойынша ұсыныстар әзірленгенін хабарлады. 

Оның айтуынша, жаңа санкциялар аясында Ресей мұнайына белгіленген шекті баға уақытша тоқтатылады, сондай-ақ Ресей билігі табыс табу және Еуропалық Одақ санкцияларын айналып өту үшін пайдаланатын ұйымдар анықталып, санкциялық тізімге енгізіледі.

“Жаңа санкциялар үшінші елдердегі банктерге, қару-жарақ өндірушілерге, мұнай трейдерлеріне, мұнай өңдеу зауыттарына және криптовалюта операторларына бағытталады. Сонымен қатар, Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсететін компанияларға да шектеулер енгізіледі. Жаңа санкциялық тізімдер дрон өндірісімен байланысты 30-дан астам ұйымды қамтиды. Сондай-ақ экспорттық бақылаудың жаңа шаралары 50 компанияға қатысты қолданылады. Олардың қатарында Қытайда, Түркияда, Қырғызстанда, Қазақстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және Үндістанда орналасқан ұйымдар бар", – деді Кая Каллас.

Ол сондай-ақ Еуропалық одақ Ресейдің өндірістік әлеуетін одан әрі әлсірету мақсатында никель ұнтақтары, металдар және жоғары өнімді қорытпалар сияқты қосымша материалдар мен технологиялардың экспортына да шектеу енгізетінін айтты.

“Автокөлік бөлшектерін, бағалы металдардың кейбір кен түрлерін және химиялық заттарды қоса алғанда, жаңа тауарлардың импортына да шектеу қойылады. Еуропаның есігі Ресейдің қазіргі және бұрынғы әскери қызметкерлері үшін ашық болмауы керек. Біз Ресей Қарулы күштерінің және оған бағынысты топтардың қазіргі әрі бұрынғы жауынгерлеріне виза беруге жан-жақты тыйым енгіземіз”, – деп қосты Каллас.

Еске салсақ, осыған дейін КТК, "Теңізшевройл" және Қарашығанақ жобалары АҚШ санкциясынан босатылғанын жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 21:30