Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сәйкестік емес, тағдыр": Айгүл Иманбаева мен жолдасы таныстық тарихын бөлісті

Айгүл Иманбаева күйеуімен
Фото: instagram.com/aigul_imanbayeva

Танымал әнші Айгүл Иманбаева мен оның жары Ерлан алғаш рет қалай танысқандарын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында күйеуімен бірге видео жариялады. Ерлі-зайыптының сөзінше, олардың жолы екі жылдан астам уақыт бұрын Нью-Йоркте, Жаңа жыл қарсаңында түйіскен.

Ерлан сол кезде қызы Аружанмен бірге Рождество мерекесін қарсы алып, достарымен жүздесу үшін Нью-Йоркке барған. Олар қалада тұратын Айнұр мен Ума есімді апалы-сіңілі таныстарының үйіне орналасқан. Ерлан мен қызы Айнұрдың үйінде тұрса, Айгүл Иманбаева көрші пәтердегі Уманың шаңырағында қонақ болған.

“Бізді бір қабырға ғана бөліп тұрды. Соған қарамастан бір-біріміздің сол жерде жүргенімізді білмедік. Тек 31 желтоқсан күні жолықтық”, – деді Ерлан.

Айгүл Иманбаеваның айтуынша, ол кезде өзі Лондонда білім алып жүрген. Нью-Йоркке ұлы және келінімен бірге барған. Ал Ерлан Лос-Анджелесте тұрғанымен, оның қызы Аружан Лондонда оқыған.

Осылайша олар бір аптаға жуық көрші үйде тұрып, бір-бірін кездестірмеген. Екеуінің алғашқы жүздесуі дәл Жаңа жыл қарсаңына тура келген.

“Мен мұны жай сәйкестік емес, тағдыр деп қабылдаймын. Әр адамның маңдайына жазылған жолы болады дейді ғой. Бізге бір-бірімізді Нью-Йоркте кездестіру бұйырыпты”, – деді әнші.

Әнші мен оның жолдасының таныстық тарихын естіген желі қолданушылары жұпқа жылы лебіздерін білдіріп, отбасылық бақыт тіледі.

Еске салайық, бұған дейін Айгүл Иманбаева өміріндегі ауыр кезеңді айтып бергені хабарланған еді. Оның айтуынша, өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі – 22 жасында ажырасуы. Қолында бірнеше айлық баласы болған әнші сәбиін ауылдағы анасына қалдырып, Алматыға келіп, бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге мәжбүр болған. Бұған дейін жоқшылық көрмеген өнер иесі дәл сол кезеңде қиындық пен жауапкершіліктің не екенін түсінгенін айтады. Ауылдағы сөздер мен жалғызбасты ананың тұрмысы оған ауыр тигенімен, бұл сынақтар оны шыңдап, өз жолын табуына көмектескен.

Өнер иесі сол жылдарды өміріндегі ең қиын, бірақ ең үлкен сабақ берген кезең деп бағалайды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 17:59