Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Марқұм балаларын сатып жіберді": Қазақстандықтарды Әл-Фарабидағы жол апаты жәбірленушілерінің күдіктімен татуласуы ашуландырды

Александр Пак
Фото: Stan.kz

Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында апаттың мән-жайы ғана емес, айыпталушы Александр Пакті кешірген марқұмдардың туыстарының ұстанымы да көпшіліктің назарын аударды. Желіде қазақстандықтар сотталушымен татуласқан жәбірленуші тараптың шешімін жаппай талқылап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта қаза тапқандардың отбасы мүшелері сөз сөйледі. 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісінің әпкесі мен 2005 жылы туған жолаушы қыздың анасы сотталушы А.П. материалдық және моральдық шығынды толық өтегенін айтты. Олардың сөзінше, айыпталушы жасаған ісіне өкініп, кешірім сұраған.

8 маусымда өткен сот отырысында үшінші марқұмның өкілдері де осындай шешімге келгенін жеткізді. Олар келтірілген залал толық өтелгендіктен, сотталушыға ешқандай талаптары қалмағанын мәлімдеді.

Туыстар сотқа өз қолдарымен жазылған өтініштерін тапсырды. Онда тараптардың татуласқаны көрсетіліп, айыпталушыны бас бостандығынан айырмайтындай жаза тағайындау сұралған. Атап айтқанда, олар шартты жаза беру мүмкіндігін қарастыруды өтініп отыр.

Қоғам бұл шешімді қалай қабылдады?

Тараптардың татуласқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрттың пікірі екіге жарылды.

Мәселен  Шолпан Әли есімді қазақстандық марқұмдардың туыстарының шешіміне наразылығын білдірді. Оның айтуынша, Mercedes жүргізушісінің немере қарындасы бұған дейін қоғамнан қолдау сұрап, істің ашық әрі әділ қаралуын талап еткен. Алайда кейін үш отбасының да айыпталушыны кешіріп, соттан шартты жаза сұрауы көпшіліктің түсінбеушілігін туғызып отыр.

“Үш отбасы да мас күйінде көлік жүргізіп, Zeekr көлігінің жылдамдығын сағатына 219 шақырымға дейін асырған адамды кешірді. Мұнымен қоймай, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрап отыр. Кей заңгерлердің пікірінше, жәбірленушілердің мұндай ұстанымы айыпталушының жазасын жеңілдетуге ықпал етуі мүмкін”, – деп жазды Шолпан Әли.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша пікірталас
Фото: Скриншот

Бауыржан Нұрғазы да туыстардың ұстанымын сынға алды. Ол бұған дейін әділдік сұрап, жұрттан көмек өтінген адамдардың кейін айыпталушымен татуласуын түсіне алмайтынын жеткізді.

“Бір адамның өмірі қиылады, ал оны басқа біреулер кешіріп, үстіне өтемақы алады. Қаза тапқан адамның орнына туыстарының кешірім беруі қылмыскерді жауапкершіліктен құтқаруға немесе жазасын жеңілдетуге әсер етпеуі керек. Осыған қатысты заңды өзгерту қажет”, – деді ол.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша пікірталас
Фото: Скриншот

Қайрат Қожанов есімді желі қолданушысы туыстар айыпталушыны кешіретін болса, істің қоғам назарында қаралуын талап етудің мәні қалмайды деп санайды.

“Мас күйінде көлік жүргізіп, қарсы жолаққа шығып, үш адамның өліміне себеп болған адамды кешіретін болсақ, не үшін бастапқыда әділдік талап етіп, істің резонанс тудырғанын қаладық? Мұндай жағдайдың ертең тағы қайталанбайтынына кім кепіл?” – деп жазды ол.

Ол сондай-ақ осы іске байланысты сотталған Әділетхан Модаханның жағдайына да назар аударды. Қайрат Қожановтың сөзінше, ақпарат тарату кезінде қателік жіберілген болуы мүмкін, алайда оның істі қоғам назарына шығарып, әділдік талап етуге қосқан үлесін жоққа шығаруға болмайды.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша пікірталас
Фото: Скриншот

Ал Ерлан есімді қолданушы болса, туыстардың әрекетін екіұшты ұстаным деп бағалады. Оның айтуынша, бастапқыда әділдік талап етіп, айыпталушыны қатаң жазалауды сұрап, кейін кешірім беру қоғамда түсінбеушілік тудырады.

“Қатты айтты демеңіздер, бірақ бұл ақпарат рас болса, алдымен әділдік сұрап, кейін кешіру – екіжүзділікке ұқсайды. Осындай әрекеттер кешіріле берсе, қоғамда мұндай жағдайлар қайталана береді”, – деп жазды ол.

Сонымен бірге Ерлан Мұратұлы марқұмдардың жақындарына тіл тигізіп, оларды жаппай айыптауды да дұрыс деп санамайтынын жеткізді. Дегенмен ол айыпталушыны кешіру туралы шешімді қолдамайтынын айтты.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша пікірталас
Фото: Скриншот

Тағы бір желі қолданушысы марқұмдардың туыстарына көңіл айта отырып, айыпталушыны неліктен кешіргендерін түсіне алмайтынын жазды.

“Ішімдік ішіп, көлік тізгініне отырған адам өзінің әрекетімен айналасындағылардың өміріне әдейі қауіп төндіреді. Жақындарыңызды өмірден айырған адамды ақшалай өтемақы төлегені үшін қалай кешірдіңіздер?” – деп сауал қойды ол.

Әлеуметтік желідегі тағы бір жазба авторы жәбірленушілердің орнына өзін қою қиын екенін, сондықтан олардың шешімін біржақты айыптауға асықпайтынын айтты. Алайда ол бұл жол апатын абайсызда болған қарапайым оқиға деуге келмейтінін атап өтті.

“Олардың жақындарының өліміне мас күйінде әдейі көлік жүргізген, жоғары жылдамдықпен жүрген және бұған дейін де жол ережесін бірнеше рет бұзған адам себеп болды. Оның үстіне, көліктің мемлекеттік нөмірін алдын ала шешіп тастағаны айтылып отыр. Осындай адамды ұзақ мерзімге қоғамнан оқшаулау дұрыс емес пе?” – деп жазды желі қолданушысы.

Ол Астанада жүк көлігінің астына түсіп, қаза тапқан баланың оқиғасын да мысалға келтірді. Баланың анасы жүргізушіні қудаламауды сұрап, оны кешірген еді. Автордың пікірінше, екі оқиға сырттай ұқсас болғанымен, мән-жайы бөлек.

“Астанадағы жағдайды қайғылы кездейсоқ оқиға деп қабылдауға болады. Ал Әл-Фараби даңғылындағы апатта жүргізуші адам өліміне әкеп соғуы мүмкін бірнеше қауіпті әрекетке саналы түрде барған. Сондықтан баласынан айырылған ананың шешіміне түсіністікпен қараймын, ал бұл істе туыстардың ұстанымы сұрақ туғызады”, – деп жазды ол.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша пікірталас
Фото: Скриншот

Тағы бір пікір иесі марқұмдардың отбасындағы қарым-қатынас пен өтемақы көлемінен гөрі, айыпталушының кейін қайта бостандыққа шығу ықтималдығы көбірек алаңдататынын жазды.

“Енді осындай “кешірімнен” кейін айыпталушының қайтадан ел көшелеріне шығуына заң мүмкіндік бере ме деген мәселе”, – деді желі қолданушысы.

 

Келесі қазақстандық сот шешімі туыстардың көңіл-күйіне немесе өзара келісіміне емес, Қылмыстық кодекс талаптарына сүйенуге тиіс.

“Олар соттан қалағанын сұрай алады, материалдық өтемақыны да өздері белгілейді. Бірақ құқықтық жүйе эмоцияға тәуелді болмауы керек. Сот тек заң баптарын басшылыққа алып, объективті шешім шығаруға тиіс”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Әлия есімді желі қолданушысы да құқықтық жүйе тараптардың татуласуына қарамастан, істің мән-жайына объективті баға беруі керек деп есептейді.

Zeekr жүргізушісінің мас күйінде көлік тізгініне отыруы – оның өз таңдауы. Жылдамдықты шектен тыс арттыруы да — өзінің саналы әрекеті. Ал үш жастың қаза табуы – сол шешімдердің қайғылы салдары. Сондықтан сот шешімі туыстардың кешіріміне емес, айыпталушының әрекеті мен оның зардабына негізделуге тиіс”, – деп түйіндеді ол.

ІІМ не дейді?

Бұған дейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов тараптардың татуласуы айыпталушыны қылмыстық жауаптан босата алмайтынын мәлімдеген.

Журналистердің татуласу істің нәтижесіне әсер ете ала ма деген сұрағына ол:

“Мүмкін емес”, – деп қысқа жауап берді.

ІІМ өкілдері жәбірленушілердің өтініштері мен келтірілген залалдың өтелуі сотта жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін екенін түсіндірді. Алайда бұл қылмыстық істі тоқтатуға негіз болмайды.

Татуласу сот шешіміне әсер ете ме?

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, іс мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу бабы бойынша қаралып жатыр. Бұл ауыр қылмыстар санатына жатады.

Заң бойынша мұндай қылмыс үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен бірге сотталған адам белгілі бір қызметпен айналысу немесе белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін.

Заңгердің сөзінше, туыстардың татуласуы мен залалдың толық өтелуі сотталушыға тек бапта көрсетілген ең төменгі мерзімді тағайындауға ықпал етуі ықтимал. Ал шартты жаза беру мүмкін емес.

“Жәбірленушілердің ұстанымы сотталушыға осы бап бойынша көзделген ең төменгі жаза — 7 жыл мерзім алуына және жазасын өтейтін мекеменің түрін белгілеуге әсер етуі мүмкін. Алайда жеңілдететін мән-жайларды ескеру — соттың құқығы. Сот оны міндетті түрде ескеруге тиіс емес”, — деді адвокат.

Оның сөзінше, бұл жағдай сотталған адамның жазасын қандай мекемеде өтейтініне де ықпал етуі мүмкін.

Қылмыстық кодекстің 46-бабына сәйкес абайсызда жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айырылған адамдар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтейді.

Қазір қоғамда атышулы іс бойынша талқылау әлі де жалғасып жатыр. Бір тарап марқұмдардың туыстары қабылдаған шешімді олардың жеке таңдауы әрі ауыр қайғыны еңсерудің бір жолы деп санайды. Екінші тарап мұндай жағдайлар қоғамда сот төрелігі бәріне бірдей қолданылмайды деген түсінік қалыптастырып, құқықтық жүйеге деген сенімге кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 19:35