Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Айыпталушының жәбірленушілермен бітімге келуі үкімге әсер ете ме

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Қаза тапқан үшінші адамның даотбасы бітімге келгеннен кейін жазаның жеңілдетілу мүмкіндігі талқылануды. Бұл мәселеге қатысты құқық қорғаушы Жохар Өтебеков айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
Жохар Өтебеков айыпталушы жәбірленуші отбасылармен бітімге келгенімен, оған бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін алға тартты.
"Кез келген жағдайда келтірілген материалдық немесе моральдық зиянды өтеу сот үшін міндетті түрде жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде есептеуі тиіс. Яғни судья бұдан бас тарта алмайды. Бірақ тәжірибеде жәбірленушілердің ұстанымы қандай болса да, бұл бап бойынша шартты жаза тағайындалмайды. Сондықтан бас бостандығынан айыру жазасы міндетті түрде беріледі. Яғни айыпталушы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа да шыға алмайды", – дейді ол.
Сонымен қатар қорғаушы егер айыпталушының көлікке жалған нөмірді әдейі таққаны анықталса, онда іс мүлдем басқа бағыт алатынын жеткізді.
"Айыпталушының жалған нөмірлермен жүргені туралы да ақпарат бар. Егер адам әдейі жалған мемлекеттік нөмір пайдаланса, бұл оның құқыққа қайшы әрекеттерге алдын ала дайындалғанын көрсетеді. Судья бұл фактіні тікелей жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағаламауы мүмкін. Дегенмен, үкім шығаруда оны міндетті түрде ескереді", - дейді ол.
ОқыңызЖохар Өтебеков тәжірибе көрсеткендей, сот айыпталушыға берілетін жаза мөлшері заңдағы шектеуге байланысты 5 жылға қысқаруы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Алайда заң тұрғысынан жағдай мынадай. Тәжірибеде мұндай істер бойынша судьялар көбіне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды, ал заңда қарастырылған жаза 7–10 жыл аралығында. Неге бұлай? Егер істі ауырлататын қосымша мән-жайлар болмаса, заң бойынша судья ең ауыр жазаның жартысынан артық мерзім бере алмайды. Яғни, ең жоғарғы жаза 10 жыл болса, оның жартысы — 5 жыл. Сол себепті соттар көбіне 5 жыл мерзімін белгілейді. Бұл жерде де осындай жағдай болуы ықтимал", – деді Жохар Өтебеков.
Сонымен қатар, адвокат жалған мемлекеттік нөмірлерге қатысты біздің ел мен шетел арасындағы жаза айырмашылығының өте үлкен екені және бұл бағытта заңды күшейту қажеттігін айтты.
"Шын мәнінде жалған мемлекеттік нөмірді пайдалану Батыс елдерінде өте қатаң жазаланады. Көбінесе 3–5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал бізде бұл көбіне әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады және 5 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Әрине, бұл үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет.Депутаттар да бұл мәселені көтеріп жатыр деп естідім. Сол бағытта өзгеріс болады деп үміттенемін", – деді ол.
Үш жәбірленуші тарап та кешірім берді
Сотта марқұм Томирис Қадырбектің анасы Арайлым Есенбаева Александр Пакты бас бостандығынан айырмауды сұрап, өтініш жазды. Сөзінше, сотталушы барлық шығынды өтеген.
Онымен қоса сотта жол апатының видеосы көрсетілді. Сотталушы бар жылдамдықпен соқтығысқанын көруге болады.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты