Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда оқу-жаттығу кезінде граната жарылды: Жарақат алғандар бар

Полиция көлігі
Фото: polisia.kz

Алматыда жоспарлы оқу-жаттығу кезінде жарық-дыбыстық граната мерзімінен бұрын жарылып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоспарлы оқу-жаттығу кезінде жарық-дыбыстық граната мерзімінен бұрын іске қосылған. Бірнеше қызметкер жарақат алды.

Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Оқиға орнында болған бөлімше қызметкерлеріне уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Ведомство кейбір қызметкерлердің ауыр жағдайда екені және көптеген жарылыстар болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтіп, жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ полиция жалған мәлімет таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы полициясының оқу-жаттығуы кезінде жаппай жарақат алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Онда снарядтар алдымен полицейлердің аяқ астында жарылып, кейін олардың үстінде орналасқан басқа да құрылғылар жарылғаны айтылған. Оқиға салдарынан 15 қызметкер жарақат алып, олар Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілді деген мәлімет тараған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 22:27