Көп киім алу мәселе ме? Психолог шопингке әуестіктің себебін түсіндірді

Гардеробтағы киім саны адамның мінезі мен психологиясы туралы не айтады? Психолог артық зат жинаудың және шектен тыс сатып алудың себептерін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Психологтардың айтуынша, кей жағдайда шопингке деген шамадан тыс әуестікке назар аудару қажет болуы мүмкін. Себебі көп адамда шкафты ашқанда киімдер сыймай тұрғанымен, жаңа нәрсе сатып алуға деген ықылас басылмайды.
Зерттеулерге сәйкес, адамдардың киім саны елге, мәдениетке және өмір салтына байланысты әртүрлі болады.
АҚШ тұрғындары киімге көп мән беретін халықтардың бірі саналады. Орта есеппен америкалықтың гардеробында 40-50 футболка мен поло, 15-25 жейде, 20-25 джинсы мен шалбар, шамамен 40 жұп аяқ киім және 5-10 күрте болады. Ал көптеген әйелдердің киім саны іш киім мен аксессуарларды қоспағанда, 350 данадан асады.
Еуропада гардеробтар әдетте қарапайымдау келеді. Мысалы, орташа немістің шкафында 20-25 футболка мен жейде, 8-12 шалбар, 5-10 жемпір, 2-4 күрте және 8-12 жұп аяқ киім бар. Француздар одан да ұстамды стильді ұнатады: шамамен 20 футболка, 5-8 жемпір, 10-ға дейін шалбар және 15 жұптан аспайтын аяқ киім.
Түркияда орташа тұрғынның гардеробында 30-50 футболка мен жейде, 5-10 шалбар, сонша көлемде жемпір, 4-6 күрте және 10-15 жұп аяқ киім болады.
Ал жапондар минималистік көзқарасымен ерекшеленеді. Олардың гардеробында көбіне шамамен 10 футболка, 5-8 жейде мен шалбар, үш жемпір, үш күрте және бес жұптан аспайтын аяқ киім болады. Мұндай ұстанымды Швеция тұрғындары да ұстанады.
Қытай тұрғындары керісінше, киім таңдауда әртүрлілікті жақсы көреді. Орта есеппен олардың гардеробында 30 шақты футболка мен жейде, шамамен 12 шалбар, 5-10 жемпір және 8-12 жұп аяқ киім бар. Италия тұрғындарында да ұқсас көрсеткіш байқалады. Олар сәнді бағалағанымен, көбіне киімнің санына емес, сапасына көңіл бөледі.
Киімнің көп болуы қалыпты жағдай ма?
Клиникалық психолог Мария Бодрягинаның айтуынша, гардеробтағы заттардың саны адамның психологиялық жағдайын анықтайтын көрсеткіш емес.
Маманның сөзінше, минимализм адамды міндетті түрде бақытты етеді немесе үлкен гардероб ішкі мәселелердің белгісі деген ғылыми дәлел жоқ. Маңыздысы – адамның киімге қандай мағына беретіні.
Киім адамның өзін көрсетуіне, белгілі бір ортаға немесе өмір кезеңіне сәйкестігін білдіруге көмектеседі. Жаңа киім сатып алу қуаныш сыйлап, өзіне деген сенімділікті арттыруы немесе жаңа бастаманың символына айналуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай.
Шопинг қай кезде мәселеге айналады?
Мәселе сатып алу адамның мазасыздықпен, ішкі бос сезіммен немесе өмірге қанағаттанбаушылықпен күресу тәсіліне айналған кезде туындайды.
Мұндай жағдайда жаңа зат сатып алғаннан кейінгі қуаныш ұзаққа созылмайды. Біраз уақыттан кейін қайтадан бір нәрсе алуға деген қажеттілік пайда болады. Уақыт өте келе бұл кінә сезіміне, өкінішке және мазасыздықтың күшеюіне әкелуі мүмкін.
Психологтың айтуынша, мәселе киімнің көптігінде емес, сатып алуды бақылау қиындағанында. Егер адам шкафында киілмейтін киімдер көбейіп кетсе де, өзін жаңа зат алудан тоқтата алмаса, бұл ішкі эмоционалдық жайсыздықты өтеу әрекеті болуы мүмкін.
Сондықтан басты мәселе адамның қанша киімі бар екенінде емес, оның не себепті үнемі жаңа зат сатып алуға ұмтылатынында және сол арқылы қандай қажеттілігін қанағаттандыруға тырысатынында.
Оқыңыз