"Орын үшін": Алматылық қыз автобуста ер адам өзін қылқындырғанын мәлімдеді
Алматы тұрғыны автобуста егде жастағы ер адам өзін қылқындырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада қыз өзін белгісіз ер адамның қылқындырғанын жазған. Оқиға сағат 18:00 шамасында №227 автобуста болған. Ол "Сейфуллин – Шолохов" аялдамасынан автобусқа мініп, артқы орындыққа отырған. Жолаушының сөзінше, жанында отырған қарт ер адамнан жылжуын сұраған. Бұл өтінішіне ер адам агрессия көрсетіп, қызды қылқындырған көрінеді.
Қыздың айтуынша, ол ер адамның қолынан әрең құтылған. Оған басқа жолаушы да көмектесуге тырысқан.
Алматы қаласы полиция департаменті оқиға бойынша тексеру жүргізгенін мәлімдеді.
"Осы факті бойынша Алматы полициясы тексеру жүргізді. Оқиғаға қатысушылар анықталып, тексеру нәтижесінде құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сот қаулысымен ер адамға 10 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.
Еске салсақ, Алматыда автобуста төбелес шығып, төбелеске қатысқан үш адам ұсталған. Кейін полиция олардың жеке басын анықтады. Осы жұмыс барысында 40 жастағы ер адамның бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болған еді.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан
