"Бұған жол беруге болмайды": Тоқаев мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына және қоғамдық іс-шараларға тартуға тыйым салды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына және қоғамдық іс-шараларға тартуға тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек екенін алға тартты.
"Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек. Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды”, – деді мемлекет басшысы.
Президент мұндай ұйымдастыру жұмыстарына министрлік пен білім басқармалары жауапты екенін айтты.
“Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет", – деді Тоқаев.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына елеулі үлес қосып, ел алдында айрықша еңбек сіңірген бірқатар педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттаған еді.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Тіл мәселесі неге көтерілді
"Қазақтар болашақта Баян-Өлгейді Қазақстанға қосып жібермек" деген сияқты негізсіз қауесетке ұласып кетті
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты
Айгүл Ғалымжанова: "Шығындарды есептегенде шамамен 15-16 миллион теңге шықты"
