Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобустағы төбелес: Полиция күдіктінің басқа қылмысқа қатысы барын анықтаған

автобустағы төбелес
Фото: видеодан скриншот

Алматыда автобустағы төбелеске қатысқан үш адам ұсталғаннан кейін полиция олардың жеке басын тексерген. Осы жұмыс барысында 40 жастағы ер адамның бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, ол автобустағы жанжалдан бірнеше күн бұрын Жетісу ауданында велосипед ұрлады деген күдікке ілінген.

Тергеу барысында ер адамның Алматыдағы жанармай құю станцияларында болған бірнеше ұрлыққа да қатысы болуы мүмкін деген болжам пайда болған.

Бейнебақылау жазбаларында ер адамның жанармай бекеттерінің біріне кіріп, айналаны бақылағаны, кейін түрлі тауарларды алып, кетіп қалғаны көрінеді.

Оқиғалардың бірінде жанармай бекетенің қызметкерлері оны тоқтатуға тырысқан. Полицияның хабарлауынша, ер адам пышақ шығарып, қызметкерлерге қоқан-лоқы көрсеткен.

Қазір аталған бейнежазбалар мен өзге де материалдар қылмыстық іске тіркелді. Тергеу күдіктінің ұрлықтардың әрқайсысына қатысын анықтап, оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Назархан Уән
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 11:36