Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан
Қапшағайда екі отбасы мінген үрлемелі диванға гидроскутер соқтығысып, екі адам ауыр жарақат алды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Антай Қалиева Stan.kz редакциясына берген сұхбатында зардап шеккен әйелдің қуығы жырылып, 15 жастағы қыз соққы салдарынан есін жоғалтқанын айтты.
Оқыс жағдай биыл 25 шілде күні Қапшағай көлінде болған. Отбасымен демалуға барған азамат "үрлемелі диван" су аттракционына отырамақ болып, оған 8000 теңге төлеген. “Үрлемелі диванда” ерлі-зайыпты, олардың ұлы мен 15 жастағы отбасылық достарының қыз отырған. Аттракциомен сырғанау кезінде басқа тұлғалар жалға берген гидроцикл (су скутері) “үрлемелі диванға” соғылысқан. Белігілі болғандай, гидроциклді басқарған клиенттің бұл көлік түрін басқаруға құқығы болмаған. Ол да 3 гидроскутерді 36 000 теңге ге жалға алған.
Жәбірленуші тараптың Қонаев қаласының прокуратурасына жазған арызында гидроскутерлерді жалға берген тұлға оқиға орнынан бой тасалап, гидроскутерді белгісіз жерге жасырып қалғаны көрсетілген. Кейінірек бұл су көліктері табылып, айып тұрағына қойылды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Антай Қалиеваның айтуынша, аталған факті бойынша Қонаев қалалық ішкі істер басқармасы гидроцикл жүргізушісіне қатысты қылмыстық кодекстің 344-бабының 1-бөлігі (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi) бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірлескен тізіліміне № 26191603100459 болып тіркелген.
Соқтығысу салдарынан жәбірленушілер ауыр жарақат алған. Әйелдің жамбас сүйектері бірнеше жерден сынған, қуығы жыртылып кеткен, қабырғалары сынған, өкпесі зақымданған. Одан бөлек, кәрі жілік пен шынтақ сүйегінің сынуы, жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы және басқа да диагноздар қойылған.
Қазір науқасқа қуықты тігу бойынша шұғыл операция жасалып, жамбасын сырттай бекіту аппараты орнатылған. Ол ұзақ уақыт бойы стационарлық ем қабылдап, қазір реабилитациядан өтіп жатыр.
“Үрлемелі диванды” сүйреген қайықтың жүргізуші де қауіпсіздік шараларын сақтамады. Сырғанау кезінде музыканың даусын қатты шығарып, біздің “жағаға апар” деген даусымызды естімеді. Бес күн жансақтау бөлімінде, бір ай ауруханада жаттым. Үш рет ота жасады. Ауруханада жатқанымда тергеуші келіп, арызымды алып кетті. Қайықтың жүрігізушісі де, гидроскутерді жалға беруші де келіп жағдайымды сұрамады, “қандай ем-дом алып жатырсың қандай көмек керек” деп де келмеді. 8 айлық балам бар, 5-қабатта тұрамыз. Күнделікті ем-дом алу үшін мекемеге бару керек, ал менің жүріп-тұруымның өзі қиын болып тұр. Қазір мына жарақатпен баспалдақпен көтеріліп-түсуге болмайды”, – дейді жәбірленуші Нәзира Оспан.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Антай Қалиеваның айтуынша, 15 жастағы қыздың жамбас сүйектері бірнеше жерден сынған, сол жақ асықты жіліктің ортаңғы бөлігінің сүйек сынықтарының ығысып, сынған, жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы деген диагноз қойылды. Жасөспірім сәл есін жоғалтқан. Қазір жасөспірім ата-анасын есіне түсірген. Алайда сол күні болған жағдай мүлдем есінде жоқ.
37 жастағы ер адам көкірек тұсынан соққы алса, 14 жастағы балаға жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, шаш өскен жерден соққы алып, білегінің жоғарғы үштен бір бөлігінің сырылған деген диагноз қойылды.
Жәбірленушілердің прокуратураға түсірген арызында оқиғаға су аттракционы қызметін көрсету кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болды деп көрсетілген.
Уәжге сәйкес:
- Ұйымдастырушылар клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген;
- Сүйретілетін аттракцион мен гидроциклдің бір аймақта қатар жүруіне жол берген;
- Гидроциклді тиісті басқару құқығы жоқ тұлғаның басқаруына мүмкіндік беріп, демалушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген.
Адвокат аталған мән-жайларды мұқият тексеруді талап етіп отыр. Атап айтқанда, кінәлі тұлғалардың әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 306-бабында (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету), сондай-ақ тергеу барысында анықталатын басқа да баптарда көзделген қылмыс құрамының бар-жоғы тексерілуі тиіс деп санайды жәбірленуші тарап.
Арызданушының талаптары:
- Лауазымды тұлғалар мен су аттракционын ұйымдастырушының әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығына прокурорлық тексеру жүргізу;
- Оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі обьективті тергеуді қамтамасыз ету;
- Су аттракциондары қызметін көрсету кезінде ұйымдастырушының қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру;
- Су көлігін басқару құқығы жоқ тұлғаның гидроциклді басқаруға жіберілуінің заңдылығын тексеру;
- Аттракцион ұйымдастырушысының, гидроцикл жүргізушісінің және басқа да жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру.
Жәбірленуіші тарап заң бұзушылық негіздері анықталған жағдайда тиісті прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдап, күнәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тартуды сұрайды.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан
