Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алакөлде паром гидроциклі қағып кеткен әйел екі аяғынан айрылды

Алакөл жарақат операция
Фото: Видеодан скрин\pexels.com

Алакөл көлінің жағалауындағы Көктұма ауылында қозғалыс кезінде паром артқа жүріп, 70 жастағы әйелді қағып кеткен. Зардап шеккен әйел аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының tinfo.kz басылымына берген мәліметінше, зардап шеккен әйел ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Оған көп мөлшерде қан жоғалту және травмалық шок диагнозы қойылған.

Дәрігерлер шұғыл кеңес өткізгеннен кейін, науқастың өмірін сақтап қалу үшін жедел операция жасау туралы шешім қабылдаған. Операция барысында әйелдің екі аяғы да жамбас деңгейінен кесілді.

Оқиғаға байланысты Жетісу облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін Алакөлде паромның гидроциклі әйелді қағып кеткені туралы жазған едік. Паромның гидроциклі кері қозғалған сәтте 70 жастағы әйелдің аяғын жарақаттап, зардап шегушіге оқиға орнында алғашқы көмек көрсетілген. Кейін оның аяғын таңып, ауруханаға жеткізген.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 19 Шілде, 2026 16:13