Алакөлде гидроциклдер соқтығысып, бір адам қаза тапты

Жетісу облысындағы Алакөл көлінде екі гидроциклдің соқтығысуы салдарынан бір адам көз жұмып, тағы бір адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 17 шілде күні көл акваториясында болған. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, соқтығыс кешкі сағат 21:00 шамасында, яғни судағы көріну деңгейі төмендеген уақытта болған.
Қазір аталған факті бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. ТЖД қолданыстағы ережелерге сәйкес, навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын жүзу құралдарының қараңғы уақытта суға шығуына қатаң тыйым салынатынын еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өңірлік департамент шағын көлемді кемелердің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Шомылу маусымы басталғалы бері Алакөлде күн сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Осы уақытқа дейін судағы қауіпсіздік талаптары мен шағын кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғандарға қатысты 108 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 73 хаттама шағын кемелерді пайдалану талаптарын бұзғаны үшін рәсімделіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Құтқарушылар гидроцикл иелері мен жүргізушілерін тыйым салынған уақытта суға шықпауға, құтқару кеудешесін киюге, қажетті құжаттарды өзімен алып жүруге және жолаушылар санының белгіленген нормасын сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін 21 маусым күні Маңғыстау облысында Ақтаудан 56 шақырым жердегі жабдықталмаған жағалауда 27 жастағы ер адам Каспий теңізіне батып кеткенін жаздық. Қатты дауыл салдарынан іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, оның мәйіті 26 маусым күні Ақтаудан шамамен 65 шақырым жерден табылды.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз