Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алты күн бұрын Каспий теңізіне батып кеткен ер адамның мәйіті табылды

су
Фото: Telegram-арна 112 Mangystay

Маңғыстау облысында 21 маусым күні Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға Ақтаудан 56 шақырым жерде орналасқан жағалаудың жабдықталмаған аумағында болған. Іздеу жұмыстарына теңіздегі қатты дауыл кедергі келтірген. Соған байланысты сүңгуірлер теңізге ауа райы дұрысталған кезде ғана шыға алған.

Іздеу жұмысына  Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сүңгуірлер, Ұлттық ұлан мен Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметкерлері жұмылдырылды. Іздеу барысында жүзу құралдары, арнайы техника және суасты дроны пайдаланылды.

Қаза тапқан азаматтың мәйіті  26 маусым күні сағат 18:30 шамасында табылды. Құтқарушылардың мәліметінше, теңіз ағысы мәйітті Ақтаудан шамамен 65 шақырым қашықтыққа, демалыс орындарының бірінің маңына дейін алып кеткен.

Айта кетейік, бұған дейін MMA спортшысы Медет Жээналиев суға батып бара жатқан баланы құтқарамын деп қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 11:01