"Жалғызбасты ана": Алакөлге демалысқа барған журналист жүрегі тоқтап көз жұмды

Абай облысында БАҚ саласының маманы суға батып қаза тапты деген ақпарат тарады. Таныстарының айтуынша, ол Алакөлге демалысқа барғанда көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мейірқанова Әйгерім бірнеше жылдан бері журналистика, PR саласында қызмет атқарған. Тілшіміз оның әріптесімен байланысқа шықты.
“Ол Алакөлде демалыста болған. Оның қазасы жайлы сіңлісінен естідік. Бізге оның суға батып кеткені туралы айтылды. Кейін жүрегі тоқтап қалған деген де ақпарат пайда болды. Әзірге бұл ақпаратты ресми ешкім растамады. Бұл оның жақындарының айтқаны”, – деді Әйгерімнің әріптесі.
Stan.kz тілшісі оқиға туралы ресми ақпаратты Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінен сұрады. Ведомство оқинаы растады.
“28 маусым күні сағат 17:40-та Мақаншы ауданының полиция бөліміне "103" қызметінің диспетчерінен Алакөл көлінің жағалауында 38 жастағы әйелдің жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Куәгерлердің айтуынша, әйелдің аяқ астынан жағдайы нашарлап, кейін есінен танып қалған.
Аталған факті бойынша Мақаншы ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу нәтижесі мен сараптама қорытындысына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданады”, – деді ведомство.
Журналиспен таныс болғандар мен әріптестері оның артында кішкентай ұлы қалғанын жеткізді.
“Айгерім өмірге ерекше құштар, айналасына шуағын шашып жүретін жан еді. Оның бәріне қалай үлгеретініне, сонша күш-қуатты қайдан алатынына таңғалатынмын”, “Үнемі күліп жауап беретін, жылы жүзді адам еді”,
“Ұлы оның өмірінің мәні болды. Әркез “ұлым, ұлыммен” деп желіге бірге өткізген уақыттарынан естеліктер салып отыратын. Ұлын жалғыз тәрбиелеп жүрген ана еді. Өте ауыр қайғы”, “Ұлы есейгенде анасының осынша сыйлы, жарқын, айналасына шуақ шашқан адам болғанын білсе екен. Қаншама адам оның анасын қатты құрметтейтінін көрсе екен. БАҚ мамандары мерекесі күні өмірден озуы да өте өкінішті. Оның атын ұмыт қылмауымыз керек”,
“Қандай жаман хабар. Ол ұлы үшін барын салатын. Осы жылдар бойы өз баспанасы болғанын қалайтын. Әріптестер оның отбасына қол ұшын созу керек”, – деп жазды жұртшылық.