"Әйелдің аяғын таңып, ауруханаға алып кеткен": Алакөлде паромның гидроциклі әйелді қағып кетті (видео)

Алакөлдегі Көктұма жағажайында 70 жастағы әйел паромның гидроциклі кері жүрген кезде ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат тарады. Жағдай туралы алдықорғандық блогер Айдос Кертаев әлеуметтік желідегі видеосында мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талдықорғандық блогер Айдос Кертаевтың айтуынша, оқиға Алакөлдегі Көктұма демалыс аймағында болған. Оның сөзінше, паромның гидроциклі кері қозғалған сәтте 70 жастағы әйелдің аяғын жарақаттап, зардап шегушіге оқиға орнында алғашқы көмек көрсетілген. Кейін оның аяғын таңып, ауруханаға жеткізген.
Блогердің айтуынша, оқиғаға бірнеше куәгер болған.
"Алакөлдің Көктұма жағалауында 70 жастағы әйелдің аяғын паром кері жүрген кезде кесіп жіберді деген ақпарат келіп жатыр. Оқиғаға бірнеше куәгер болған. Айтуларынша, зардап шеккен әйелдің аяғын таңып, ауруханаға алып кеткен. Құрметті оқырмандар, әсіресе Алакөлде демалып жүргендер, ешқашан паромның гидроциклі мен қозғалтқышының артында жүзбеңіздер. Өте абай болыңыздар", – деді блогер.
Айта кетейік, қазір аталған оқиғаға қатысты төтенше жағдайлар департаменті немесе полиция тарапынан ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін 17 шілде күні кешкі уақытта Жетісу облысындағы Алакөл көлінде екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. ТЖД қараңғы уақытта навигациялық шамдары жоқ шағын жүзу құралдарының суға шығуына тыйым салынатынын еске салып, демалушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз