Непалда жойқын су тасқыны болып, 400-ге жуық турист із-түссіз жоғалды
Непалда су тасқыны болып, салдарынан 384 турист із-түссіз жоғалып кетті. Ұлттық туризм басқармасының мәліметінше, олардың қатарында 291 шетелдік және 93 Непал азаматы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қатты жаңбырдан кейін өзендер тасып, елдегі танымал туристік аймақтардың инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келген.
Билік мәліметінше, 26 тамыз таңғы сағат 9:00 шамасында Бхотекоши өзені арнасынан тасып, бірнеше ауылды, жолдар мен гидроэлектр станцияларын қиратқан. Билік Непалдың бірнеше ауданындағы тұрғындарға ескерту жасады. Олардан Бхотекоши, Тришули және Нараяни өзендерінің жағалауынан аулақ болуды сұрады.
Непал үкіметінің өкілі Сасмит Покхарелдің айтуынша, құтқару жұмыстарына Үндістан мен Қытайдан көмек сұралған. Селден ең көп зардап шеккен Расува ауданында былтыр тамыз айында да осындай табиғи апат болған. Ол кезде көршілес Тибеттегі көлдің тасуы салдарынан тоғыз адам қаза тауып, екі елді байланыстыратын көпір сынды маңызды инфрақұрылым нысандары бүлінген.
Климат сарапшыларының пікірінше, елдегі селге мұздықтағы мұз бен тау жыныстарының көшкіні себеп болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, Лхенде-Кхола өзенінің бойында су қатты көтерілген. Бұл жерде соңғы 14 айда екі рет сел жүрген. Непал билігі жоғалған туристердің қайда екенін анықтау үшін оларға сапар ұйымдастырған жергілікті туристік компаниялардан ақпарат жинап жатыр.
Құтқару қызметтері із-түзсіз жоғалғандардың тізімін анықтап, табиғи апаттан келген шығынды есептеп жатыр. Билік туристердің туыстары мен жақындарын ресми ақпараттарды бақылап отыруға шақырды. Өйткені зардап шеккен аймақтардағы жағдай әлі де күрделі.
Бұған дейін Қытай мен Непал шекарасындағы өткелде де көшкін жүрген.
Айта кетейік, бұған дейін Мароккода 7 жылға созылған құрғақшылықтан кейін алапат су тасқыны болғаны туралы жазған едік.
"Тырнақ пен қас жасауға кеткен": БАӘ-де көз жұмған әпкелі-сіңлілердің туысы олардың өлімі туралы мән-жайды айтты
