Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мароккода 7 жылға созылған құрғақшылықтан кейін алапат су тасқыны болды: 20 мың адам эвакуацияланды

Фото: Желі кадрларынан скрин

Марокконың солтүстік-батыс өңірлерінде нөсер жаңбыр мен өзен деңгейінің көтерілуінен су тасқыны болды. Жағдайға байланысты ел билігі 20 мыңнан астам адамды эвакуациялау үшін әскери құтқару бөлімшелерін жіберуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Arab News басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Су тасқынын бақылау жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметінше, бірнеше аптаға созылған қатты жаңбыр мен маңайдағы бөгеттен судың жіберілуі Лукус өзеніндегі судың күрт көтерілуіне әкелген. Соның салдарынан Рабаттан шамамен 190 шақырым солтүстікте орналасқан Ксар-эль-Кбир қаласының бірнеше ықшамауданы су астында қалған.

"Сенбі күнге дейін 20 мыңнан астам адам уақытша баспаналар мен лагерьлерге көшірілді. Су деңгейі біртіндеп төмендеген сайын билік су басу қаупі бар аумақтарға құм салынған қаптар мен уақытша бөгеттер орнатты. Қауіпсіздік мақсатында Ксар-эль-Кбир қаласындағы мектептер 7 ақпанға дейін жабық болады. Ал көршілес Сиди-Касем провинциясында Себу өзенінің деңгейі көтеріліп, бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Билік бақылауды күшейтті", – делінген хабарламада.



Сонымен қатар мол жауын-шашын елде жеті жылға созылған құрғақшылықты тоқтатқаны атап өтілді. Бұл құрғақшылық кезінде Марокко тұщы су тапшылығына байланысты теңіз суын тұщыту қондырғыларына қомақты қаржы салуға мәжбүр болған.

Ресми деректерге сәйкес, су қоймаларының орташа толу деңгейі 60%-ға жеткен. Ал бірнеше ірі су қоймасы толық толған. Айта кетейік, өткен айда Рабаттың оңтүстігінде орналасқан Сафи қаласында болған тосын су тасқыны салдарынан 37 адам қаза тапқан.

STAN.KZ
Жексенбі, 01 Ақпан, 2026 19:21