Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәкістандағы ауруханада өрт шығып, 14 нәресте көз жұмды

Пәкістандағы ауруханада өрт
Фото: Euronews.com

Пәкістан астанасы Исламабадтағы ірі мемлекеттік аурухананың перзентхана бөлімінде өрт шығып, кемінде 14 нәресте қаза тапты. Қайғылы жағдай 26 тамыз күні таңертең болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт Пәкістан медициналық ғылымдар институты (PIMS) ауруханасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің үшінші қабатында тұтанған.

Құтқарушылардың алдын ала болжамы бойынша, өрт таңғы сағат 06:45 шамасында гинекология бөліміндегі нәрестелер палатасында кондиционер компрессорының жарылуынан басталған болуы мүмкін.

Исламабадтың бас комиссары Сохаил Ашраф құтқарушылар, мамандар мен полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, өртті ауыздықтағанын хабарлады. Кемінде бір нәрестені аман алып қалу мүмкін болған.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан сәбилердің отбасыларына көңіл айтып, өрттің шығу себептерін дереу тергеуді тапсырды.

“Мұндай жағдайда балалардан айырылу – орны толмас қаза”, – делінген премьер-министр кеңсесінің мәлімдемесінде.

Полицияның мәліметінше, өрт кезінде қаза тапқан нәрестелердің денелері қатты күйген. Осыған байланысты олардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасын жүргізу қажет. Содан кейін ғана сәбилердің денелері отбасыларына беріледі. Бұған дейін ата-аналар балалардың денелерін тезірек беруді талап еткен.

Пәкістанда ірі ғимараттардағы өрт оқиғалары жиі тіркеледі. Бұған қауіпсіздік пен құрылыс талаптарының тиісті деңгейде сақталмауы және өрт қауіпсіздігі ережелерінің орындалуына бақылаудың әлсіздігі себептердің бірі ретінде аталып жүр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 18:11