Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады
Алматыдан 46 жастағы ер адам 10 жасар баланың көзінен жұдырықпен ұрған. Баланың анасының айтуынша, ол қазақтарды жек көретінін айтып, шабуылдамақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баланың анасы болған оқиғаны желіде жазды. Айтуынша оқиға 6 шілде күні Атакент маңында болған.
“Таңғы сағати 8-дер шамасында балалар "Атакент" жанындағы саябақта жаттығуда болды. Сол кезде ересек ер адам оларға шабуыл жасады. Ол қазақтарды жек көретінін айтып айқайлап, балаларды “пышақтап өлтіремін” деп қорқытқан. Алдымен ол кішкентай қызды ұруға тырысқан. Бірақ ол қашып үлгерген. Кейін менің 10 жасар ұлымның көзін жұдырықпен ұрған. Баланың көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қорқып, қашып үлгерген”, – деді ол.
Әйелдің айтуынша, қайта жақын жерде әскери қызметкерлер болған. Олар оқиғаны көріп балаларға көмектескен.
“Қызметкерлер ер адамды қуып жетіп, ұстады. 102-ге қоңырау шалып, оны полиция қызметкерлеріне тапсырды. Бүгін менің балам зардап шекті. Ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін. Бақытымызға орай, балалар қашып үлгерді. Мұның қалай аяқталғанын елестету тіпті қорқынышты. Ал егер оның жанында пышақ болса, оның салдары қайғылы болуы мүмкін еді. Мұндай әрекет жазасыз қалмауы керек. Ересек адамның қорғансыз балаға қол көтергені үшін заң неге ең қатаң жаза қарастырмайтынын түсінбеймін”, – деп жазды баланың анасы.
Әйел осы тұста ер адамның лайықты жазаға тартылуын талап етті.
“Ересек адам баланың өзінен әлсіз екенін, оған лайықты қарсылық көрсете алмайтынын өте жақсы біледі. Балаға қол көтеру, балаларды "пышақтап өлтіремін" деп қорқыту бұл жай ғана "дене жарақатын салу" емес. Бұл – айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін адамның әрекеті. Осындай адамдар қоғамнан оқшаулануы тиіс. Оларды жай жазамен босатып жіберуге болмайды. Бүгін ол 10 жастағы балаға қол көтерді. Ертең не болады? Шын мәнінде біреудің өмірі қиылғанын күтіп, содан кейін ғана оны қауіпті деп танимыз ба?”, – деп қорытты ол.
Желі қолданушылары да алаңдаушылық білдіріп, ер адамды қоғамнан оқшаулауды қолдады.
“Қандай жаза? "Бұзақылық" па? Егер адам "өлтіремін", "пышақтап тастаймын" деп ашық қорқытса, ондай адамды жай ғана жазалау емес, қоғамнан оқшаулау керек”, “Өзі де қазақ емес пе? Қазақтарды жақтырмаймын дегені несі? Есі дұрыс емес пе?”, “Балалар аман болғанына шүкір”, – деп жазды жұртшылық.
Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы қаласының полиция департаментінен пікір сұрады.
“Кәмелетке толмаған балаға саябақ аумағында күш қолдану фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Аталған оқиғаға міндетті түрде құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда”, – деді ведомство.
Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады
