Мерекелік демалыстан соң жұмысқа қалай жеңіл оралуға болады – психолог кеңесі

Ұзақ мерекеден кейін көп адамға жұмыс ырғағына қайта оралу қиынға соғады. Зейін төмендеп, кейінге қалдыру (прокрастинация) пайда болады. Психолог күйзеліске түспей, жұмысқа қалай біртіндеп қайта бейімделуге болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lenta.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігер Ксения Солопанова мұндай жағдай ағзаның қалыпты реакциясы екенін айтты.
"Бұл – жүйке жүйесінің бейімделу реакциясы. Ол еркін режимнен қайтадан тәртіпке көшіп жатыр. Мереке кезінде өмір салты өзгереді: әсер көп, қарым-қатынас артады. Көбірек қозғалыс, саяхат болады. Ал нақты кесте мен міндеттер азаяды. Жүйке жүйесі үнемі жоғары зейін мен тәртіпті талап етпейтін күйге үйренеді", – деді ол.
Жұмысқа оралғанда қайтадан уақытында істеу, тапсырмалар мен зейін қою қажеттілігі пайда болады. Бұл қосымша жүктеме ретінде қабылданады. Сондықтан демалыстан кейінгі алғашқы күндері өнімділік төмен болуы қалыпты. Ағзаға қайта бейімделу үшін уақыт керек.
Маман бірден жоғары қарқынмен жұмыс істеуге тырыспауға кеңес береді.
"Жұмысқа жеңіл оралу үшін бірнеше қарапайым қағиданы ұстанған жөн. Біріншіден, алғашқы бір-екі күнде жүктемені азайтыңыз. Жұмысты жеңіл әрі нақты тапсырмалардан бастаған дұрыс: хаттарды қарау, жоспарлау, ұйымдастыру. Осылайша жұмысқа біртіндеп қосыласыз", – деді психолог.
Сондай-ақ ол "аз қадам" қағидасын қолдануды ұсынады. Алдымен бір шағын істен бастау, бұл ішкі қарсылықты азайтып, жұмысқа біртіндеп кірісуге көмектеседі.
"Үшіншіден, күн тәртібін қалпына келтіріңіз. Ұйқыдан тұру, жұмысты бастау, үзіліс пен жұмыс күнін аяқтау уақытын қайта тұрақтандыру маңызды. Төртіншіден, демалыстан кейінгі алғашқы күндері өз өнімділігіңізді бағаламаңыз. Баяу бейімделу бұл әлсіздік емес, қалыпты процесс", – дейді Солопанова.
Сарапшының айтуынша, жеңіл дене белсенділігі мен серуен де зейінді арттырып, жалпы жағдайды жақсартады. Жалпы, мерекеден кейін жұмысқа оралу біртіндеп жүретін процесс. Ол неғұрлым жұмсақ өтсе, қалыпты өнімділік те соғұрлым тез қалпына келеді.
Оқыңыз