Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда айыппұлға ілінбей қай жерлерде кәуап пісіруге болады

айыппұлсыз кәуап пісіру
Фото: magnific.com

Мамыр мерекелері жақындаған сайын көпшілік дәстүрлі түрде кәуап пісіру маусымын ашады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі айыппұл алмас үшін қандай ережелерді сақтау керек екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ТЖМ мәліметінше, от жағуға және қоқыс жағуға тыйым – уақытша шара емес, 2006 жылдан бері қолданыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерінде бекітілген талап. Әсіресе ауа райы құрғақ, ыстық және желді болған кезде шектеулер күшейтіледі.

Ережеге сай, елді мекендерде, саяжайларда және бау-бақша учаскелерінде от жағуға, қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге, сондай-ақ өрт қаупі бар жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.

Дегенмен ауа райы қолайлы болған жағдайда кейбір жеңілдіктер бар:

  • от жағуға және қалдық өртеуге тек арнайы белгіленген орындарда,
  • ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта және үнемі бақылаумен ғана рұқсат етіледі.

Ал мангал, гриль және кәуапты қолдануға болады, бірақ:

  • ғимараттардан кемінде 10 метр қашықта;
  • жанында кемінде 10 литр су немесе өртсөндіргіш болуы тиіс.

Мангалды құрғақ шөптің үстіне, ағаштардың астына немесе жанғыш жабын астына қоюға қатаң тыйым салынады.

 Ережені бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша жауапқа тартылады. Кәуапты дұрыс емес жерде пісірсе ескерту немесе 21 625 теңге айыппұл, қайталанса 43 250 теңге. Егер өрт шығып, залал келсе айыппұл 43 250 теңгеден басталып, шығын өтетілуі мүмкін.

Ал ауыр зардап немесе адам өлімі болса қылмыстық жауапкершілік қаралады.

Ұлттық парктерде де кәуап тек арнайы жабдықталған орындарда ғана рұқсат етіледі. Басқа жерлерде пісіру өрт қауіпсіздігін бұзу болып есептеледі. Айыппұл мөлшері: жеке тұлғаларға 432 500 теңге, ал ұйымдар мен бизнеске 1 081 250 теңгеге дейін жетеді.

Stan.kz
Жұма, 01 Мамыр, 2026 12:12