Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төртеуі өліммен аяқталды": Денсаулық сақтау министрлігі балалардың терезеден құлау дерегі көбейгенін айтып ескерту жасады

терезені ашық қалдыру айыппұл
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балаларды терезеден құлап кету қаупінен қорғауға шақырады. Себебі биыл елде осындай 44 жағдайы тіркеліп, төртеуі өліммен аяқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың үш айында елде балалардың терезеден және биіктіктен құлап кетуінің 44 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 4-еуі өліммен аяқталған.

“Жылы кезеңнің басталуымен балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалар қаупі айтарлықтай артады. Жазатайым оқиғалардың ең көп саны Атырау облысында – 13, Астана қаласында – 8 (оның ішінде 3 өлім жағдайы), сондай-ақ Маңғыстау облысында – 4 (оның ішінде 1 өлім жағдайы) тіркелген

Қайғылы жағдайлардың көбі мектепке дейінгі және ерте жастағы балаларда болады, өйткені олар қауіпті толық түсінбейді. Ал ересектердің сәл ғана назарсыз қалуы ауыр, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін”, – делінген хабарламада. 

Министрлік жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін атады. Олар көбіне:

  • балаларды қараусыз қалдыру;
  • жауапкершілікті үлкен балаларға жүктеу;
  • терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы;
  • терезе маңында баланың өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздың орналасуы;
  • москит торларын сенімді қорғаныс ретінде қате қабылдау.

Министрлік москит торлары ересектерде жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыратынын ерекше атап өтті.

 “Олар тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағын ұстап тұра алмайды.  Аз ғана қысым түскен жағдайда баламен бірге құлап кетуі мүмкін.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар балаларды терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалдырмай, терезеге қорғаныш құрылғыларын орнатып, жанына жиһаз қоймай, қауіпсіздік ережелерін үйретіп, терезе бекітпелерінің мықтылығын үнемі тексеріп отыруы қажет”, – делінген хабарламада.

Министрлік көп балалы отбасылар мен ата-анасы жұмыста болатын, балалар қарттар немесе кәмелетке толмағандардың қарауында қалатын жағдайларға ерекше назар аударуға шақырады.

Stan.kz
Жұма, 01 Мамыр, 2026 11:03