Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бір топ жас түнде төбелесіп, бір адам пышақ жарақатын алды

Алматы төбелес пышақтаған
Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Алматының Ақсай шағынауданында түнде төбелес болып, бір жігіт пышақ жарақатын алды. Күдікке ілінген алты адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде жиналған бір топ жастар назарға түскен.

"Түн ортасында "102" пультіне қолында пышағы бар бір топ жастың көшеде жүргені туралы хабарлама түсті. Оқиға Ақсай шағынауданында болған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жанжал кезінде бір жас жігіттің пышақ жарақатын алғанын анықтады. Жедел іздестіру барысында "Буран-308" экипажы оқиғаға қатысы болуы мүмкін алты жасты ұстады. Олардың кейбірінің киімінен қанға ұқсас іздер табылды. Сондай-ақ тергеу үшін маңызды заттай дәлелдемелер тәркіленді", – делінген хабарламада.

Ұсталғандардың барлығы тергеу амалдарын жүргізу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның толық мән-жайын, жанжалдың шығу себебін, әр қатысушының рөлін және пышақ жарақатын салған адамды анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 26 Шілде, 2026 19:47
Талқылау