Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жатақханадағы тазалыққа қатысты көршісімен төбелескен студент жарақат алды

Студент қыздар төбелесті
Фото: Видеодан скриншот

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент қыз жатақханада соққыға жығылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде Әзел Дархан есімді қыз жазба жариялап, 2025 жылғы 17 желтоқсанда жатақханада өзін екінші курс студенттері соққыға жыққанын айтты. Студент ол кезде 17 жаста болғанын атап өтті.

“Кәмелетке толмаған қыз ретінде Алматыға оқуға келдім. Ата-анам мені білім алып, қауіпсіз жерде болады деген үмітпен университетке жіберді. Бірақ оның орнына екінші курс студенттері тарапынан қатыгездікпен соққыға жығылып, аурухана төсегінен бір-ақ шықтым”, – деп жазды Threads желісінде.

Студенттің сөзінше, оқиға кезінде айналасында адамдар болған, алайда олар араша түспеген. Кейбірі болған жағдайды видеоға түсірсе, енді бірі есікті жауып тұрған.

“Мені қылқындырды. Басымды қабырғаға және темір кереуетке соқты. Шашымнан сүйреді. Күшпен ұстап, шығуыма мүмкіндік бермеді. Күшім кетіп, жағдайым нашарлап бара жатқанын түсіндім. Ең қорқыныштысы – айналамда адамдар болды, бірақ олар жай қарап тұрды. Біреулер болған жағдайды видеоға түсірді. Біреулер есікті жауып тұрды. Ешкім уақытында тоқтатпады”, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, жанжалға жатақханадағы тазалық мәселесі себеп болған. Оқиғадан кейін қызды жедел жәрдем ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты, гематомалар және өзге де дене жарақаттары диагнозын қойған.

Бұдан бөлек, оқиға туралы ақпарат Instagram-дағы budetgrom_ парақшасында да жарияланып, қосымша деректер белгілі болды.

“2025 жылғы 17 желтоқсанда мені сөйлесеміз деген сылтаумен жатақхана бөлмесіне шақырды. Сол жерде маған қатысты топ болып күш қолдану әрекеті жасалды. Б ұзақ уақыт бойы маған дене жарақатын салып, қылқындырды, шашымнан ұстап, қорлап, кешірім сұрауға мәжбүрледі. Сонымен қатар есікті ұстап тұру және болған жағдайды видеоға түсіру әрекеттері ұйымдастырылды. Бұл менің еркін шығып, көмек сұрауыма мүмкіндік бермеді”, – делінген жазбада.

Сондай-ақ студент өзін бөлмеде қамап ұстап, көмек сұрауға мүмкіндік бермегенін айтты. Жағдай тек басқа адамдар мен жатақхана қызметкерлерінің назарын аударғаннан кейін тоқтаған.

Университет не дейді?

Осы арада жағдайға университет өкілдері пікір білдірді. Жоғары оқу орнының мәліметінше, студент қыздар арасындағы жанжал жатақханадағы тазалық пен тәртіп ережелерін сақтамаудан туындап, кейін төбелеске ұласқан.

“Оқиға болған сәтте қақтығысқа қатысқандардың бірі кәмелетке толмаған еді. Оқиға бойынша университетте қажет шаралар қабылданды: шұғыл қызметтер шақырылды, қызметтік тексеріс жүргізілді, қатысушылар мен куәгерлерден жазбаша түсініктемелер алынды, ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, мәселе Әдеп жөніндегі комиссияда қаралды”, – делінген жауапта.

Университет қарау қорытындысы бойынша университеттің ішкі нормативтік актілеріне сәйкес тиісті тәртіптік шаралар қабылданғанын хабарлады.

“Қосымша айта кетейік, екі тараптың да ата-аналары құқық қорғау органдарының қызметкерлері”, – деп мәлімдеді университет.

Алмалы аудандық соты іс қатысушыларының біріне қатысты шешім шығарған. Ал екінші студентке қатысты Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

Полицияның мәліметінше, жанжал кезінде екі тарап та дене жарақатын алған. Осыған байланысты оқиға екіжақты төбелес ретінде қаралып, іс Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы – денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша тергелді.

Университеттің мәліметінше, зардап шеккен студент қазір ЖОО жатақханасында тұрып жатыр. Оған қажет жағдай жасалған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 19:40