Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында Темірбек Жүргенов салдырған тарихи мектеп жойылып кетудің алдында тұр

темірбек жүргенов мектебі
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов салдырған тарихи мектеп жойылып кетудің алдында тұр. Жергілікті тұрғындар ғимараттың қабырғалары сөгіліп, іргетасы үгітіліп жатқанын айтып, оны шұғыл түрде мемлекет қорғауына алып, қалпына келтіруді талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

1934 жылы "1000 мектеп" жобасы аясында бой көтерген білім ордасы Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылында орналасқан. Ел ішінде "Қызыл мектеп" аталып кеткен бұл нысан кезінде халық арасынан шыққан танымал шеберлердің қолымен тұрғызылған.

Жабасақ ауылының тұрғыны Асқар Рақымжанұлы тарихи ғимаратты жоғалтып алмау үшін дереу жөндеу жұмыстарын бастауды сұрайды.

"Бұл республикадағы жалғыз Темірбек Жүргенов атамыздың мектебі. Осы мектепті қайта қалпына келтіріп, реставрация жасап берулеріңізді сұраймыз. Егер дер кезінде құтқарып қалмасақ, Темірбек атамыздың көзіндей болған жалғыз тарихи мұрадан айырылып қаламыз", – ауыл тұрғыны.

Ал Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы нысанды мемлекет қорғауына алу үшін алдымен тарихи-мәдени сараптама жүргізілуі қажет екенін айтады.

Сараптама қорытындысы оң болған жағдайда ғана ғимаратты республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесі қаралады.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Анайы Құрманованың айтуынша, мемлекеттік тізімге енгізу үшін ең алдымен тарихи-мәдени сараптама қорытындысы әзірленуі тиіс.

"Оның нәтижесіне сәйкес құжаттар Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы арнайы комиссияның қарауына ұсынылады. Сонымен қатар Үкімет қаулысына сәйкес 2029 жылға дейін мәдени және әлеуметтік нысандарға қатысты жаңа бастамаларды қаржыландыруға мораторий енгізілген. Осыған байланысты қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігі жоқ", – дейді Анайы Құрманова.

Тұрғындар уақыт өткен сайын тарихи ғимараттың жағдайы нашарлап бара жатқанын айтып, жауапты органдардан мәселені созбай шешуді сұрайды. Олардың пікірінше, мектепті сақтап қалу – тек бір ауылдың емес, ел тарихы мен мәдени мұрасын қорғаудың маңызды бөлігі.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысы Панфилов ауданының Сарытөбе ауылында оқушылар шамамен бір ғасыр бұрын салынған мектепте білім алып жүргені хабарланған еді. Ғимараттың қабырғалары сөгіліп, іргетасы отырған, шатырынан су ағып, спорт залдың едені опырылып кеткен. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап, жаңа мектеп салуды талап еткен. Ал аудандық білім бөлімі Сарытөбеде құны 2,1 млрд теңге болатын жаңа мектептің жобасы дайындалып, сараптамадан өткенін және алдағы екі жылда құрылысты бастау жоспарланып отырғанын мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 18 Шілде, 2026 11:21