Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алып қашып кетпек болған": Алматыдағы гүл сататын дүкен қыздың жеке дерегін біреулерге беріп жіберген

гүл сататын дүкен
Фото: Freepik.com

Алматыдағы гүл сататын дүкен қыздың мекенжайын өзге жігітке беріп қойған. Салдарынан ер адам сол мекенжайға барып, қызды көлікке күштеп салып әкетпек болған. Енді қыз алып қашпақ болғандардың да, жеке дерегін берген кәсіп иелерінің де жазаға тартылуын қалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматылық қызға Arna flowers гүл жеткізу қызметі жазып, тосынсый бар екенін айтқан. Қыз мұның кімнен екенін сұраған кезде “құпия жаннан, айта алмаймыз” деп жауап берген, алайда гүлді курьер жеткізеді деген. Бойжеткен мекенжайын айтып, мекенжайды бөтен жандарға таратпауын, әсіресе сыйлықты жіберген адамға айтпауын ескертеді. Мұны жақыны Threads-желісінде жазды. 

“Гүл дүкенінің қызметкері сіңілімнің мекенжайын әлгі жігітке беріп қойған.Содан кейін ол біздің үйдің жанына келген. Сіңлім “курьер гүл әкелді екен” деп сыртқа шыққан. Сол сәтте әлгі жігіт оны күштеп көлікке отырғызуға, яғни алып қашуға әрекет жасаған. Құдай сақтап, сіңлім бар даусымен айқайлап, жерге отырып алып қарсылық көрсеткен. Сол маңда жүрген жігіттер айқайын естіп, дереу жүгіріп келіп көмектескен. Соның арқасында сіңілімді аман алып қалды”, – деді қыздың әпкесі.

Белгілі болғандай, бұл жігіттен бұған дейін де мазалап жүрген. Қыз оны барлық жерден бұғаттаған екен. Кейін қыз гүл сататын дүкенге жазып, мұндай жағдайға неге жол бергенін сұрайды. Гүл дүкені қызметкерінің сөзінше, жігіт дүкенге келіп, гүлді өзі апаратынын айтып, мекенжайды беруге қыстаған. 

“Адамның мекенжайы болмашы нәрсе емес екенін түсіну керек қой. Бұл – оның жеке қауіпсіздігі. Егер сізден мекенжайды ешкімге айтпауды сұраса, қалайша бере саласыздар? Егер қыз қашып құтыла алмаса ше? Сонда кім жауапты болар еді?”, – деп жазды қыздың жақыны.

Олар мәселе бойынша полицияға арыз жазғандарын мәлімдеген. Алайда тілшіміз Алматы полиция департаментінен пікір сұраған кезде департамент ешқандай арыз түспегенін айтты.

“Жүргізілген тексеру барысында сұрауда көрсетілген мән-жайлар бойынша ішкі істер органдарына ешкімнің жүгінбегені анықталды. Осыған байланысты аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жоқ”, – делінген хабарламада.

Полиция жеке деректердің таратылуына қатысты жеке деректер және оларды қорғау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Алайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді полиция қарамайтынын айтады.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 15:57