"12 миллион пайдаланушы қамтылған ақпараттық ортаға мониторинг": Алматыда діни алауыздықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Қазақстанда діни алауыздықтың алдын алу үшін қандай нақты тетіктер бар? Алматыда бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Діни радикализм қаупі қалай анықталады? Осы сауалдарға Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтанулық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Мейманхожа жауап берді.
"Діни алауыздықтың алдын алу – тек тыйым салу емес"
Алматы – Қазақстандағы ең ірі мегаполистердің бірі ғана емес, түрлі конфессиялар мен діни бірлестіктер қатар өмір сүріп жатқан қала. 2026 жылғы мәлімет бойынша, Алматыда 17 конфессияның өкілі жұмыс істейді. Қала билігі бұл жағдайдағы басты міндеттің бірі ретінде конфессияаралық келісімді сақтау мен діни экстремизмнің алдын алуды атап отыр.
Сарапшының айтуынша, діни алауыздықтың алдын алу жұмысы тек заң бұзғандарды анықтап, жауапкершілікке тартумен шектелмеуі керек. Оның сөзінше, бұл үшін бірнеше бағыт қатар жұмыс істеуі қажет.
- ғылыми зерттеу
- әлеуметтік мониторинг
- ақпараттық-түсіндіру жұмыстары
- және құқықтық тетіктер.
Қазір діни мәселелердің едәуір бөлігі әлеуметтік желіге ауысқан. Сондықтан интернеттегі контентті бақылау да алдын алу жұмысының маңызды бөлігіне айналып отыр.
"Азаматтар әлеуметтік желідегі кез келген діни ақпаратқа сын көзбен қарауы керек. Діни мәселелер бойынша ақпаратты сенімді, ресми дереккөздерден алған дұрыс. Өйткені сырт көзге қарапайым көрінетін контенттің өзі белгілі бір жағдайда діни алауыздыққа немесе радикалды идеяларға итермелеуі мүмкін", – деп түсіндірді сарапшы.
Алматыда нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Алматы қаласының Дінтанулық зерттеулер орталығы діни ахуалды мониторингтеу, интернет кеңістігіндегі діни экстремизмге қарсы насихат, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және радикалды идеология ықпалына түскен азаматтарды оңалту бағытында жұмыс жүргізеді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен құрылған арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Бұл топтардың құрамына дінтанушылар, философтар, исламтанушылар, теологтар, психологтар, заңгерлер және басқа да мамандар кіреді.

Іс-шаралардың басым бөлігі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарындағы және басқа да ортадағы жастарға бағытталған.
"Алдын алу жұмысы белгілі бір мәселе пайда болғаннан кейін ғана басталмауы керек. Қауіпті идеялардың таралуына әсер ететін факторларды алдын ала зерттеу маңызды. Сондықтан жастармен, түрлі әлеуметтік топтармен, әлеуметтік желі қолданушыларымен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет", – деп атап өтті Нұрмұхаммед Мейманхожа.
Түсіндіру жұмыстары тек оқу орындарымен шектелмейді. Алматыдағы ақпараттық-түсіндіру топтары әр жылдары медициналық мекемелерде, әскери бөлімдерде, қоғамдық көлік ұйымдарында, базарлар мен сауда орындарында, әлеуметтік осал топтар арасында да кездесулер өткізген.
Сарапшының айтуынша, әлеуметтік желіден күмәнді діни материал анықталған жағдайда, оған бірден құқықтық баға берілмейді.
"Контенттің мазмұны зерттеледі. Қажет болған жағдайда тиісті дінтанулық сараптама жүргізіледі. Сараптама қорытындысы негізінде материалдың діни алауыздықты қоздыруға немесе заңға қайшы идеяларды таратуға қатысы бар-жоғы анықталады", – деді сарапшы.
Қазақстан бойынша Instagram әлеуметтік желісінде тіркелген пайдаланушылар саны 12 миллионға жуықтайды. Осы аудитория арасында діни сипаттағы контенттің жариялануын бақылау және діни ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу институт жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әлеуметтік желілермен қатар, қоғамдық пікірге ықпал ететін ақпараттық алаңдар да назарда.
Нұрмұхаммед Мейманхожаның айтуынша, діни алауыздықтың алдын алу мониторингпен шектелмейді. Осы бағытта діни келісім, исламдағы толеранттылық, конфессияаралық диалог, зайырлылық және деструктивті контент мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Ғалымдар "Қазақстандағы ислам толеранттылығы", "Исламдағы гендерлік теңдік", "Қазақстан шындығындағы исламдық бірегейлік" сияқты тақырыптарда жобалар жүзеге асырған.
"Деструктивті діни контент ақпаратын алдын алу бағытындағы мемлекеттік реттеудің жекелеген тәсілдері", "Қазақстандағы діни сананы әлеуметтік-философиялық талдау", "Қоғамдық сананы қалыптастырудағы зайырлылық құбылысының рөлі" секілді еңбектерде діни процестер мен ықтимал қауіптердің алдын алу тетіктері қарастырылған", – деп Нұрмұхаммед Мейманхожа түйіндеді.
Алматылық шетелдегі террорлық ұйымға қатысқаны үшін 8 жылға сотталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда терроризмге қатысты қылмыстар бойынша 17 адам бас бостандығынан айырылған.
Олардың арасында шетелде халықаралық террористік ұйымдардың құрамында соғыс қимылдарына қатысқан Алматы тұрғыны да бар. Ол 2017 жылы Қазақстаннан кетіп, кейін шетелде ұсталған. 2025 жылы ҰҚК шетелдік серіктестерімен бірлескен операция барысында оны Қазақстанға жеткізген. Сот алматылыққа 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола және Ұлытау облыстарында террористік және экстремистік әрекетке қатысы бар алты адам ұсталды. Қазір оларға қатысты тергеу жүріп жатыр.
ҰҚК мәліметінше, терроризмді насихаттау фактілері түзеу мекемелерінде де анықталған. Төрт сотталған адам діни алауыздықты қоздырып, терроризм идеясын таратты деген күдікке ілінген.
Арнайы қызмет терроризм мен экстремизмге қарсы жұмысты шетелдік серіктестермен бірлесіп жалғастырып жатқанын мәлімдеді.