БҚО-да өрт сөндіру кезінде ТЖМ қызметкері өз бастығын көлікпен басып өлтірді
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында, Татран қыстауының маңында өрт шықты. Салдарынан өртті сөндіру кезінде өрт сөндіру көлігі өрт сөндірушілердің бірін басып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адам ауыр жарақат алып, дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, өрт болған аумақта түтін қою болғандықтан, түк көрінбеген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндіру көлігі артқа қарай қозғалған кезде жүргізуші түтін арасындағы әріптесін байқамай қалған.
Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерінің қаза болғанын растады.
"Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында орналасқан Татран қыстауының маңында құрғақ шөп жанған. Өртті сөндіру жұмыстары барысында қызметтік міндетін атқарып жүрген Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері жарақат алған. Зардап шеккен азамат Жәнібек ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, алған жарақаттарынан көз жұмды.
ТЖД осы оқиға бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Қаза тапқан қызметкердің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға да жәрдем беріліп жатыр.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаға қатысты барлық материал Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданған.