Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сарбаздарды әскер түрлеріне бөлуді енді жасанды интеллект жүзеге асырады

Әскерге шақыру
Фото: Gov.kz

Қазақстанда әскерге шақырылған азаматтардың қай әскер түрінде қызмет етуге лайық екенін анықтау үшін жасанды интеллект қолданыла бастады. Жүйе болашақ сарбаздың дене бітімі мен білім деңгейін ескеріп, шақыру комиссиясына ұсыныс береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері барлық деңгейдегі шақыру комиссияларының отырыс хаттамалары электрон түрде жүргізіледі. Бұл құжаттарды қашықтан қарап, қабылданған шешімдердің заңдылығын жедел тексеруге мүмкіндік береді.

Аудандық және облыстық комиссиялардың цифрлық хаттамаларын әзірлеу кезінде жасанды интеллект пайдаланылып жатыр. Жүйе әскерге шақырылушының антропометриялық деректерін, яғни бойы мен салмағы секілді дене көрсеткіштерін, сондай-ақ білім деңгейін талдайды. Соның негізінде оның Қарулы күштердің қай түрінде немесе әскер тегінде қызмет еткені қолайлы болатынын ұсынады.

Бұл құрал барлық деңгейдегі шақыру комиссияларына қолжетімді. Дегенмен азаматты әскерге шақыру және қызмет орнына бөлу туралы түпкілікті шешімді комиссия қабылдайды.

Цифрландыру аясында денсаулық жағдайына байланысты мерзімді әскери қызметке шақырудан босату рәсімі де электронды форматқа көшірілген. Министрлік мұның қажетті рәсімдерге кететін уақытты қысқартып, шешім қабылдауды жеделдеткенін атап өтті.

Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызмет өткеру кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден босату үдерісі автоматтандырылды. Бұған дейін тиісті мәліметтер "е-Сақтандыру" жүйесіне қолмен енгізіліп келген.

Ведомство жаңа технологиялар қағазбастылықты азайтып, әскерге шақырудың әр кезеңін бақылауға және рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп түсіндірді.

Алайда әскерге шақырылушылардың жиын пункттеріне жеке келуі міндетті болып қала береді. Өйткені комиссия шешімі медициналық куәландыру нәтижесіне сүйеніп қабылданады, ал мұндай тексеруді онлайн өткізу мүмкін емес.

Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерге шақырушылар жиі қоятын сұрақтарға жауап бергені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 15:27