Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өндіріс пен қоғам арасындағы көпір: Журналистер мұнай-газ мамандарымен кездесті

Шеврон 1
Фото: Chevron Eurasia

Қазақстан экономикасында мұнай-газ саласы елеулі орын алғанымен, ондағы күрделі үдерістер мен олардың ел экономикасына ықпалы көпшілікке үнемі түсінікті бола бермейді. Мұнай бағасының өзгеруі бюджет кірісіне қалай әсер етеді, саладан түсетін қаражат қалай бөлінеді, ал мұнай-газ компанияларының экономикаға қосқан үлесін бағалағанда қандай деректерге сүйену керек? Мұндай мәселелерді аудиторияға түсіндіру үшін журналистің өзі де саланың жұмыс істеу тетіктерінен хабардар болуы қажет. 

Осы мақсатта журналистер мен медиа өкілдеріне арналған мұнай-газ саласы жөніндегі сараптамалық пікірталас ұйымдастырылды. Кездесуде саланың экономика мен салық түсімдеріндегі орны, өндіріс пен экспорт, инвестиция, жергілікті қамту және сенімді дереккөздермен жұмыс істеу мәселелері қамтылды. S&P Global зерттеуі негізінде Chevron мен Теңізшевройл қызметінің экономикаға ықпалы да сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар Ұлттық қор, шикізатты терең өңдеу және мұнай-газдан түсетін кірістің ел экономикасына ұзақ мерзімде қандай мүмкіндік бере алатынын талқылады.

Шеврон 2
Фото: Chevron Eurasia

Мұнай-газ тақырыбында бір терминнің өзін қате қолдану ақпараттың мағынасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Себебі өндіріс көлемі, экспорт, салық, инвестиция мен әлемдік нарықтағы жағдай бір-бірімен тығыз байланысты. Chevron Eurasia компаниясының сыртқы және БАҚ-пен байланыс жөніндегі аға кеңесшісі Айнұр Сағынбайқызы журналистерге арналған мұндай кездесулердің қажеттілігін де осыдан көреді.

"Біз үшін журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мұнай-газ саласына қатысты ақпаратты дұрыс жеткізуі маңызды. Сондықтан журналистерді, блогерлер мен бизнес-инфлюенсерлерді осындай кездесулерге шақырамыз. Мақсат – саланың негізін түсінуге мүмкіндік беру. Қазіргі геосаяси жағдайда сенімді әрі қолжетімді энергия мәселесі өзекті болып отыр, сондықтан бұл тақырыпқа қатысты сұрақ та көбейді", – деді ол.

Пікірталасты қазақстандық мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов жүргізді. Саланың ішкі жұмысын білетін маман ретінде ол Қазақстанның ақпарат кеңістігінде өндіріс тақырыбының қалай жазылып жүргеніне назар аударды.

Нарымбетовтің сөзінше, мәселе өндіріс туралы ақпараттың аздығында ғана емес. Бір жағында саланың қыр-сырын білетін, бірақ көбіне кәсіби тілде сөйлейтін мамандар тұрса, екінші жағында сол ақпаратты көпшілікке жеткізетін журналистер бар.

"Өндірісте не болып жатқанын егжей-тегжейлі түсініп, оны жалпыға түсінікті тілмен жеткізе алатын адам керек. Өндірістегі маман техникалық тілмен түсіндірген кезде оны қабылдау қиын болады. Соның салдарынан көп ақпарат халыққа жете бермейді", – деді сарапшы.

Шеврон 3
Фото: Chevron Eurasia

Оның пікірінше, өндіріс туралы ақпаратты көпшілікке түсінікті ету тек медианың міндеті болып қалмауы керек.  

"Осы байланысты құратын көпір керек деп ойлаймын. Өндірісті білетін, бірақ оны жалпыға түсінікті тілмен жеткізе алатын мамандар қажет. Терминдер де халыққа түсінікті болуы керек. Әсіресе өндірісте болып жатқан жағдайдың біздің күнделікті өмірімізге қалай әсер ететінін қазақ тілінде қарапайым түсіндіретін дүниелер көп болса деймін", – деді Нарымбетов.

Сарапшының өзі де осы бағытта жұмыс істеп жүр. Негізгі қызметінен бөлек, ол қазақ тілінде мұнай-газ тақырыбында подкаст жүргізіп, саладағы жаңалықтарды талдап, түсіндірме береді. Мұны кәсіби міндетінен гөрі салаға қосатын жеке үлесі деп санайды.

"Мұны хобби деуге болады. Бірақ осы салаға аз да болса үлес қоссам деген ниет бар. Өйткені мамандар аз, ал қазақша білетін мамандар одан да аз. Сондықтан уақытымды осыған бөліп жүрмін. Пайдасы болады деп ойлаймын", – деді ол.

Пленарлық сессияда мұнай-газ саласының ел экономикасына беретін пайдасы өндіріс пен экспорт көлемінен бөлек қарастырылды. Экономика, қаржы және инвестиция саласының мамандары мұнайдан түсетін кірістің бюджетке, Ұлттық қорға, инвестицияға және экономиканың өзге салаларына қалай ықпал ететінін түсіндірді. Сарапшылардың айтуынша, мәселе мұнайдан қанша табыс түсетінінде ғана емес, сол қаражаттың қалай пайдаланылатынында.

Осы тұста Ұлттық қордың ел экономикасындағы қызметіне де назар аударылды. Сарапшылар қордың бір міндеті мұнайдан түскен кірістің бір бөлігін жинақтау болса, екінші міндеті сыртқы экономикалық өзгерістер кезінде бюджетке түсетін салмақты азайту екенін түсіндірді. Пікірталаста мұнай кірісінің қанша бөлігін қазіргі қажеттілікке жұмсап, қаншасын болашаққа сақтау керек деген мәселе де көтерілді. Бұл ретте қаражатты ағымдағы шығындарға жұмсаумен шектелмей, ұзақ мерзімде экономикалық нәтиже беретін бағыттарға салудың маңызы айтылды.

Шеврон 4
Фото: Chevron Eurasia

Мамандар мұнай-газдан түсетін кірісті экономиканың басқа салаларын дамытуға пайдаланудың мүмкіндіктеріне де тоқталды. Инвестицияның ел ішінде айналымға түсуі, қазақстандық кәсіпорындардың тапсырыс алуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мамандардың біліктілігін арттыру мен жаңа технологияларды енгізу саланың экономикаға жанама әсерін күшейтетін тетіктер ретінде аталды.

Пікірталаста шикізатты ел ішінде терең өңдеу мәселесі де қозғалды. Сарапшылардың түсіндіруінше, өңдеу деңгейі жоғарылаған сайын ел ішінде қалатын қосылған құн артып, жаңа өндіріс орындарын ашуға және салық түсімін көбейтуге мүмкіндік туады. Алайда мұндай жобалар қомақты инвестицияны қажет ететіндіктен, инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушыларды терең өңдеуге ынталандыратын экономикалық тетіктердің маңызына назар аударылды.

Шеврон 5
Фото: Chevron Eurasia

Мұнай-газ саласын көпшілікке түсіндіруде тіл мәселесі де маңызды. Кәсіби ортада қалыптасқан ұғымды сол күйінде аудару немесе терминді түсіндірместен қолдану оқырманды тақырыптан алыстатады. Ал өндірістегі өзгерістің адамның күнделікті өміріне, жұмыс орындарына, бюджет кірісіне немесе тауар мен қызмет құнына қалай әсер ететінін көрсету күрделі саланы әлдеқайда түсінікті етеді.

Сондықтан мұнай-газ тақырыбында жазатын журналист үшін өндірістің барлық технологиялық қырын білу міндет емес. Бірақ көрсеткіштің нені білдіретінін ажырату, деректің қайдан алынғанын тексеру, маманға дұрыс сұрақ қою және кәсіби тілдің ар жағындағы мәселені оқырманға түсіндіре білу маңызды. Пікірталаста көтерілген негізгі мәселенің бірі де өндіріс пен қоғам арасындағы осы ақпараттық алшақтықты қысқарту болды.

Шара соңында сараптамалық сессияға қатысқан БАҚ өкілдеріне арнайы сертификаттар табысталды.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 15:00