Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балқашта 4-қабаттың терезесінен балконға өткен балалардың видеосы тұрғындарды шошытты

Қыздар терезеде ойнап жүр
Фото: Видеодан скриншот

Балқашта екі қыздың төртінші қабаттағы терезеден шығып, көрші пәтердің балконына өтіп бара жатқан сәті видеоға түсті. Балалардың қауіпті әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын алаңдатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы хабар Балқаш қаласының полиция бөліміне түскен. Тәртіп сақшылары видеодағы қыздардың кім екенін анықтады. Олар қаладағы мектептердің бірінде үшінші сыныпта оқитын сегіз жастағы екі оқушы болып шықты.

Қыздар пәтерде өздеріне ешқандай қауіп төнбегенін, мұндай әрекетке ермек үшін барғанын айтқан. Олар мұның соңы қандай қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін екенін түсінбеген.

Тексеру қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу және бақылау міндетін тиісінше орындамаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, биіктегі мұндай әрекеттің аса қауіпті екенін ескертті. Сондай-ақ ата-аналарды балаларының немен айналысып жүргеніне мұқият болып, қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырды.

Бір қарағанда ойын болып көрінген әрекеттің соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 15:41