Қазақстанда бюджет қаржысы енді форумдар мен семинарларға жұмсалмайды
Қазақстанда республикалық бюджеттен форумдар мен семинарлар өткізуге қаржы бөлу тоқтатылған. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың кеңсе тауарларына кететін шығынына да шектеу енгізілді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, мұндай өзгерістер бюджеттегі тиімсіз шығындарды қысқарту үшін жасалған. Нәтижесінде биыл 44 миллиард теңге үнемделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министр Құрылтайдағы брифингте 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде бұрын мемлекет қаржысы жұмсалған бірқатар шығынға тоқталды.
"Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, соңғы жылдары форумдар мен семинарларға жұмсалатын шығындарды көрмейсіздер", – деді ол.
Бұдан бөлек, енді мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қажетті әрбір кеңсе тауары жеке-жеке есептелмейді. Жаңа Бюджет кодексі аясында мұндай шығындарға бірыңғай шек белгіленген. Бір қызметкерге кеңсе тауарларын алуға жылына 8 АЕК-ке дейін қарастырылған.
"Бұрын әр кеңсе тауарын жеке есептеп, қызметкерлерді толық қамтамасыз ету үшін қаншама құжат толтырылатын. Бір жерде қалам 20 мың теңгеге алынуы мүмкін, ал басқа жерде оның бағасы 100 теңге болады. Осындай айырмашылықтарды бір жүйеге келтіру үшін норматив белгіледік. Енді бір қызметкерге 8 АЕК мөлшерінде шек қойылды", – деді Бейсенбекұлы.

Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың бұрыннан қалыптасқан шығындарын да қайта қарап жатыр. Ол үшін соңғы бес жылдағы бюджет шығыстары талданып, әр шығынның қаншалықты қажет екені бағаланады.
"Мемлекеттік органның қалыпты жұмыс істеуіне міндетті түрде қажет негізгі шығындар бар. Біз бес жылдық кезеңді алып, қалған шығындардың шынымен қажет-қажет емесін қарадық. Осындай талдау арқылы тиімсіз шығындарды анықтап, оларды бюджетке енгізбейміз және ішкі резервтерді табамыз", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылы 44 миллиард теңге көлеміндегі бюджет шығыны қысқартылған.
