Латын әліпбиіне көшуге бөлінген қаржы бюджетке қайтарылды: Көшу мерзімі әлі белгісіз
2017 жылы Қазақстанда латын кириллицадан латын әліпбиіне ауысу бастама алған болатын. Кейін билік бұл туралы жарлықты қабылдап, Қазақстанда латын әліпбиіне көшу басталды. Бірақ арада 9 жыл уақыт өтсе де, әлі де латын әліпбиіне толығымен көшкен жоқ. Сонда латын әліпбиіне қашан көшеміз? Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Редакция бұл туралы Ғылым және Жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне хат жолдаған болатын. Өз жауабында, Қазақстанның латын графикасына көшу мерзімі әзірге белгісіз. Уәкілетті орган қазіргі уақытта қазақ әліпбиі мен оның орфография ережелерінің жобаларын жетілдіріп жатыр.
“Қазіргі уақытта уәкілетті орган тарапынан А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және жоғары оқу орындарының лингвистғалымдарын тарта отырып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және оның орфография ережелерінің жобаларын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – деп жауап берді министрлік.
Өз жауабында тиісті нормативтік құжат қабылданғаннан кейін, латын графикасына көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нақты мерзімді жоспары бекітілетінін айтты.
Қаржыландыруға келетін болсақ, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшуге бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі жұмыс жоспарларындағы өзгерістерге байланысты бюджетке қайтарылғанын мәлімдеді.
"Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі тиісті нормативтік-құқықтық актілер бекітілгеннен кейін қаралатын болады. Барлық сала мен барлық мекемеде латын графикасына көшу жұмыстары алдағы уақытта бекітілетін, көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздейтін іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі", – деп қорытындылады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Латын әліпбиі бізге қалай келді?
Кириллицадан латын әліпбиіне өту мәселесі – сонау Назарбаевтың кезінен келе жатыр. Латын әліпбиіне көшу туралы бастама 2017 жылы нақты саяси күн тәртібіне шықты. 12 сәуірде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі көтерілді. Одан кейін 26 қазан 2017 жылы Президенттің №569 "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлығы қабылданды. Жарлықпен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітіліп, Үкіметке қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латын графикасына көшіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
2018 жылы латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына өзгерістер енді. Заң қабылданғаннан кейінгі латын әліпбиінің бірінші нұсқасында диграфтар қолданылған еді. Яғни бір дыбысты шығару үшін екі әріп қолданылған. Алайда ол қоғам тарапынан сынға ұшырады. 2018 жылғы 19 ақпанда №637 Жарлықпен әліпбиге өзгерістер енгізілді. Сол жылы 13 наурызда латынға көшу жөніндегі 2018–2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар бойынша көшу үш кезеңге бөлінді: 2018–2020, 2021–2023 және 2024–2025 жылдар.
2019 жылы Тоқаев президент болып, латын қаріпінен аттап өтпеді. Өз сөзінде бұл істі еш асығыссыз, байыпты түрде атқару керектігін айтты.
“Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы да айтқым келеді. Оның үстіне, бұл мәселе ұлттық кеңестің отырысында көтерілді. Бұл мәселеде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет”, – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлттық кеңес отырысында.
2021 жылғы 29 қаңтарда Ұлттық комиссия отырысында латын графикасына негізделген жетілдірілген әліпби жобасы мақұлданды. Сонымен қатар жаңа әліпбиге негізделген қазақ тілінің емле ережелері де әзірлене бастады. Ал 2022 жылы енгізу мерзімі қайта қаралды. Ең маңызды бұрылыс осы жерде. Сол жылы латын графикасындағы қазақ әліпбиін қайта бекіту және енгізу мерзімін ауыстырды. Кейінгі ресми құжаттарда бұл шешім Мемлекет басшысының 2022 жылғы 15 тамыздағы тапсырмасымен байланысты. Соның салдарынан бұған дейінгі жоспарланған мерзімдер орындалмады. Сондай-ақ 2022 жылғы 27 қазанда 2017 жылы құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия туралы Премьер-министр өкімі күшін жойды. 2023 жылы латын әліпбиіне көшуге қатысты жұмыстар жалғасты. Бұл кезеңде негізгі назар әліпбидің өзін және оған сәйкес орфография ережелерін жетілдіруге аударылды. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия жанынан әліпби, емле, орфоэпия және пунктуация мәселелері бойынша ғылыми-теориялық әрі практикалық жұмыстар жүргізетін орфографиялық жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар сол жылы латын графикасына көшуге арналған іс-шаралар бойынша семинарлар өткізіліп, азаматтарға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу жоспары түсіндірілді. Мысалы, 2023 жылғы 17 наурызда Арқалықта осы тақырыпта арнайы семинар ұйымдастырылған.
2024 жылға келгенде де латын графикасына толық көшу жүзеге асқан жоқ. Бұған дейін бекітілген 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік тіл саясаты бағдарламасында 2024 жылы латын графикасын пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесін 30 пайызға, ал 2025 жылы 50 пайызға жеткізу жоспарланған болатын. Алайда бұл көрсеткіштер қазақ қоғамының толықтай латын әліпбиіне көшетінін білдірмеді. Бағдарламада латын графикасы негізінде сөздіктер, анықтамалықтар мен басқа да тілдік құралдарды әзірлеу, терминдерді біріздендіру және ономастикалық атауларды латын графикасы негізінде реттеу сияқты жұмыстар да қарастырылған. 2025 жыл латын әліпбиіне көшу бойынша 2017 жылы белгіленген бастапқы жоспардың соңғы межесі болды. Сол кездегі Президент Жарлығында қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру тапсырылған еді. 2021 жылы бұл мерзім қайта бекітілген нұсқада да сақталды. Алайда 2025 жылдың соңына қарай Қазақстан латын графикасына толық көшкен жоқ. Осылайша бастапқыда белгіленген мерзім аяқталғанымен, жаңа әліпбиді енгізу жүзеге аспады.