Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты
Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген фото және видеолар тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпорынның мәліметінше, өрт 25 тамыз күні сағат 12:35-те жабық үлгідегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында болған. Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген.
"Тұндырғыштың ішінде орналасқан мұнай шламы жанды. Өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер жоқ. Зауыт штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр", – деп хабарлады кәсіпорын.
Кейін төтенше жағдайлар министрлігі Атырау МӨЗ аумағындағы өрттің толықтай сөндірілгенін мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, түтін туралы хабарлама "112" пультіне 25 тамыз күні сағат 12:55-те түскен. Нысанның ерекшелігі ескеріліп, оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша дереу жіберілген.
Өртті сөндіруге ТЖМ-нің шамамен 65 қызметкері мен 19 техникасы, сондай-ақ "Семсер өрт сөндіруші", АТМА әуежайы және NCOC компаниясының кәсіби апаттық-құтқару қызметі жұмылдырылды.
"Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, жалынның таралуы тоқтатылды. Кейін өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жағдай бақылауда", – деп хабарлады ТЖМ.
Атырау мұнай өңдеу зауыты – Қазақстандағы жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі. Кәсіпорын 1945 жылы пайдалануға берілген. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 5,5 миллион тонна мұнай өңдеуге жетеді. Акцияларының 99 пайызы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы жанар-жағармай бекетінде 14 тамыз күні кешкі уақытта ірі өрт шықты. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
