Министр Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін төрт облысты атады
Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елде салынуы мүмкін төртінші мұнай өңдеу зауытына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, жаңа мұнай өңдеу зауыты (НПЗ) Маңғыстау, Атырау, Ұлытау немесе Түркістан облысында салынуы мүмкін. Алайда зауыттың нақты қай өңірде бой көтеретіні әзірге түпкілікті шешілген жоқ.
Бұған дейін Ерлан Ақкенженов төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы 2026 жылы басталмайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, мұндай ірі жобаны жүзеге асыру ұзақ уақытты талап етеді.
"Бұл өте ұзақ процесс. Біз жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдейтін зауыт туралы айтып отырмыз. Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасымен салыстыратын болсақ, жобалық құжаттарды дайындаудың өзі шамамен екі жылға созылады", – деген еді министр.
Құрылыс 2027-2028 жылдары басталуы мүмкін бе деген сұраққа Ақкенженов "Меніңше, иә" деп қысқа жауап берген.
Бұған дейін, 17 ақпанда өткен үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жаңа мұнай өңдеу зауытының бастапқы қуаттылығы жылына 10 миллион тонна мұнай болатынын мәлімдеген еді. Сол кезде төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысында салынуы мүмкін екені де айтылған.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы мұнай дауы 2020 жылы басталғанын жазған едік. Terminalex компаниясы серіктесі "БатысНефтеТрэйдтің" мұнайына қатысты шығынға ұшырап, кейін сот шешімімен қарызды өтеу есебіне шамамен 6 мың тонна мұнай алған. Мұнай бұған дейін Жамбыл облысындағы зауытқа жөнелтіліп, өңделіп, сатылып кеткен. Алайда бірнеше жылдан соң Жоғарғы сот бұрынғы келісімдерді жарамсыз деп танып, мұнайды бастапқы иесіне қайтару туралы шешім шығарған. Сөйтіп, бес жыл бұрын өңделіп кеткен шикізатты қайтару мәселесі жаңа дауға ұласып, қылмыстық іс пен мұнай базасындағы тінтуге дейін жетті.
