Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ескі көліктерді тапсырғаны үшін 750 мың теңге беріле ме: Министрлік жауап берді

көлік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда ескі көлігін кәдеге жаратуға тапсырған азаматтарға 750 мың теңге көлемінде жеңілдік беріледі деген ақпарат тарады. Алайда Экология министрлігі көліктерді қабылдау әзірге басталмағанын мәлімдеді. Бағдарламаға қатысты жаңа бұйрық бекітілгенімен, оны іске қосуға қажет жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Ескі көліктерді қабылдау қашан басталады?

Бұған дейін желіде Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жаратуға тапсырып, оның орнына жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын алуға болатыны туралы ақпарат тараған еді. Алайда уәкілетті органдар пайдаланудан шыққан көліктер әзірге қабылданбайтынын мәлімдеді. 

Министрлік мәліметінше, қазір бағдарламаны іске асыруға қажет ұйымдастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, “Жасыл даму” АҚ ескі көліктерді қабылдап, кейін оларды кәдеге жарататын қайта өңдеу кәсіпорындарын іріктеп жатыр.

Қажет рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалған соң бағдарламаның іске қосылатын күні, оған қатысу талаптары мен көлік қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады. Сондықтан әзірге ескі көлікті тапсырып, жеңілдік сертификатын алуға болады деп жоспар құруға ерте.

Жаңа бұйрыққа сәйкес не өзгереді?

Бағдарламаның іске қосылғаны туралы түсініспеушілікке Экология министрінің 2026 жылы 6 қазандағы №252 бұйрығы себеп болған. Бұл құжатта ескі көліктерді кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды рәсімдеу, жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібі көрсетілген. Алайда бұйрықтың қабылдануы ескі көліктерді қабылдау басталды дегенді білдірмейді. Ол тек бағдарламаны жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін айқындайды.

Құжат 2026 жылы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Дегенмен осы күннен бастап ескі көліктерді қабылдау басталады деп түсінуге болмайды. Демек нормативтік құжаттың күшіне енуі мен азаматтардың көлігін кәдеге жаратуға тапсыра бастауы – екі бөлек кезең.

Жеңілдік сертификатын қалай пайдалануға болады?

Бекітілген қағидаларға сәйкес, жеңілдік сертификаттарын беру, қайта рәсімдеу және пайдалану тәртібі реттеледі. Сертификаттар отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған.

Алайда бағдарламаның нақты талаптары, сертификаттың мөлшері, оны алу шарттары және азаматтардың өтініш беру тәртібі туралы ақпаратты уәкілетті органдардың ресми хабарламаларынан нақтылау қажет.

Қазір көліктерді қабылдау басталмағандықтан, азаматтар ескі көлігін тапсыру арқылы жеңілдік сертификатын рәсімдей алмайды.

Ескі көліктерді кәдеге жарату тәртібі қалай реттеледі?

Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсыру тәртібі Экология министрінің 2023 жылы 27 қарашадағы №332 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес реттеледі.

Қазір “Жасыл даму” АҚ осы қағидалар аясында көліктерді қабылдап, кейін кәдеге жарататын қайта өңдеу кәсіпорындарын іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл кезең аяқталып, қажет шарттар жасалған соң ғана бағдарламаны іске қосу мерзімі мен қабылдау орындары туралы қосымша ақпарат жарияланады.

Министрлік пен “Жасыл даму” АҚ азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Соымен қатар нормативтік қағидалардың бекітілуін бағдарламаның нақты іске қосылуымен шатастырмау керегін ескертті.

Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату арқылы жаңа автокөлік алуға жеңілдік беретін бағдарламаның құқықтық негізі әзірленген. Алайда ескі көліктерді қабылдау жұмыстары әзірге басталған жоқ. Оның нақты қашан іске қосылатыны қосымша хабарланады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы қайта қосылатыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 16 Қазан, 2026 08:35