Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді

махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттер
Фото: depositphotos.com

Желіде қазақстандықтар махаббат үшін қандай ессіз әрекеттерге барғаны туралы оқиғаларымен бөлісіп қызу талқылады. Бірі сүйген адамына көмектесу үшін үйдің ауласында жер қазысуға барса, енді бірі ғашығын көру үшін үш ай бойы курсқа ақша төлеп, ағылшын тілін үйреніп шыққан. Тіпті бір жігіт қызға өзінің қазасы туралы өтірік естіртіп, оны жылатып қойған да жағдайлар кездеседі. Әлеуметтік желіде тараған мұндай оқиғалар көпшілікті күлдіріп қана қоймай, ғашық адамның сезім үшін қандай әрекеттерге бара алатынын да көрсетеді. Адам ғашық болғанда неге ақылынан бұрын сезіміне ерік береді? Махаббат адамның ойлауына, шешім қабылдауына және мінез-құлқына қалай әсер ететінін маманнан сұрап көрдік. 

“Ауылда сүйген жігітімнің үйіне жер қазысуға бардым”

Батырхан есімді желі қолданушысы желіде қазақстандықтардан “Махаббат үшін жасаған ең ессіз әрекетерін” сұрады. Көпшілік ғашық кездерінде істеп, кейін ұялатын қызықтарымен бөлісті. Солардың арасында бойжеткеннің оқиғасы жұртты күлдірді. 

“Үйіне барып жер қазуға көмектестім. Мен ауылдың қызы болғандықтан барлық істі істей аламын. Ол жігітпен жұмыста танысқанбыз. Бір күні ол үйінде жер қазуы керек екенін жеткізді. “Істемесем әкем өлтіреді” деп айтты. Ал мен қақпас “жақсы бірге істейік” деймін, ол қақпас та да “жоқ” деу жоқ. Солай әкемнің жұмыстан берген “буршлагын” киіп үйіне барамын ғой. Анасы мені көріп “Мә, бұл қыз ба?” деді. Мұның бәрі 10-сынып бітірген жазда болған. Шүкір, қазір 3-курста оқимын. Бірақ есіме түссе күлкім келеді. Көшіп кететін басқа ғаламшар бар ма?”, – деді бойжеткен. 

Тағы бір қазақстандықты сөйлесіп жүрген жігіті үшін жылағанын айтты. Ол өзі сөйлесіп жүрген жігіттің қазасы туралы естіген. 

"1-курс кезінде бір бала жазып жүрді. Жақсы, әп-әдемі сөйлесіп жүргенде, бір күні ол: “Ақтөбеге жол жүремін, оқуымды реттеуім керек”, – деді. Біз бұған дейін мүлде кездеспеген едік. Сөйтіп, ол Ақтөбеге кетті. Бір кезде таңертең бөтен нөмірден біреу жазып тұр. Жаңалық жүргізушілері сияқты: “Осындай шақырымда, осындай сағатта ол көз жұмды. Қазір мүрдесін алып кетті. Мен оның досымын”, – деді. Ал мен оның мекенжайын білемін. “Барып көңіл айтайын ба, не істейін?” – деп жылап қалдым. Анама, құрбыларыма айтып, еңкілдеп отырған кезімде құрбым: “Instagram желісіндегі аккаунты қандай?” – деп сұрап, қарай бастады. Өз атымен іздеп еді, “Ей, мынауың тірі ғой! Тіпті ‘Бұрынғы қызымды сағындым’ деп суретін де салып қойыпты”, – деп жіберіп тұр. Ал мен болсам, сол үшін жылап отырмын... Нөмірін тексерсем, мені қара тізімге салып тастапты. Маған: “Сенімен сөйлескім келмейді”, – десе, өзімнің де сөйлескім келіп тұрғаны шамалы еді. Бірақ “Адам қаза тапты” деген соң жылайсың ғой енді. Ең қызығы, бұл жігіттің бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екен. Біздің көрші бала сол жігіттің атынан фейк аккаунт ашып, мені солай алдап жүріпті. Мұны кейін білдім. Енді сол жігітті көрген сайын біртүрлі болып қаламын", – деп жеткізді ол.

Қазақстандықтар ғашық болған адамы үшін түрлі әрекетке барған:

"Өз үйінің итінен қорқамын деген соң, жігітті үйіне жеткізіп салғанмын. Ол ол ма, есігіне дейін кіргіздім, ал қайтарда өзімді сол ит қуды! Әкем көріп қойып: “Біздің қыз жігітті үйіне шығарып салады”, – деп күлген еді";
“1 жігітті жақсы көріп ,соны көру үшін 3 ай курска ақша төлеп қатыстым. Бір жақсысы, енді ағылшынша білемін”;
“Жақсы көрген қызымды алып қашып кетті, алып қашқан үйден мен барып алып қаштым”;
“Артымнан қалмай жүгіріп жүрген жігітке машинама 4 қысқы дөңгелек қаптамасын алдырып, соны өзім жақсы көретін жігітіме бере салғанмын. Алайда ол ит басқа қыз тауып алып, сол көлігімен басқа қыздарын тасыды”;
“Жігітіме анам алып берген iPhone-ды сатып, туған күніне көлігіне қосалқы бөлшектер алып бердім. Тортын да қосқанда, 100 мың теңгеден астам ақша жұмсадым. Ал өзім әлі күнге дейін ескі телефонымды ұстап жүрмін. Содан кейін ол маған: "Көлікке емес, өзіме бір нәрсе алып бермедің бе?" — дейді. Әй басымнан салып қалатын адам болмағаны ай!” – деп бөлісті жұртшылық.

“Мойындалу мен бағалануға деген қажеттіліктің тууына ата-ана себепші”

Психолог Жұлдыз Мақатаева жұртшылықтың бұл сезімдерді бастан өткеруі қалыпты екенін алға тартты.

“Жалпы ғашықтық – бұл біздің жан дүниемізге де, денемізге де аса қатты әсер ететін сезім. Бұл кезде миымыз қуанышқа бөленіп, марапатқа ие болуды немесе мойындалуды қалайды. Осыған жауап беретін жүйелердің барлығы белсенді жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар бұл кезде дофамин гормонының әсері айқын көрінеді. Алғашқы кезеңдерде "мені қалай қабылдайды?", "мен оған лайықпын ба?" деген сияқты қобалжулардың болуы да заңды. Кейін қарым-қатынас нығайып, сенім қалыптасқан соң, бұл сезімге тыныштық пен қауіпсіздік ұғымдары қосылады. Дегенмен, ғашықтық әр адамда әртүрлі сезілетінін ұмытпауымыз керек”, – деп түсіндірді маман. 

Психолог осы тұста жұптардың сүйген адамы үшін бәріне дайын болып, өз шекарасын, мүддесін ұмытуы өзін-өзі төмен бағалаумен тікелей байланысты екенін жеткізді. 

“Бұл көбіне өзін-өзі төмен бағалаумен, жалғыздықтан қорқумен байланысты болып келеді. Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы бойынша адамның мойындалу мен бағалануға деген қажеттілігі өте маңызды. Мәселен, отбасында ата-анасынан тиісті мойындалуды көрмеген қыз бала ғашық болған кезде бұл сезімді аса жоғары бағалап: "Міне, мені мойындады, иә, мені шынымен жақсы көреді" деп ойлайды. Кейде керісінше, санада бұрмаланған түсінік қалыптасып: "Мені сүюі үшін барлық айтқанына көніп, бәріне төзуім керек" деген қате ұстаным пайда болады. Өкінішке қарай, мұның арқасында көптеген қиын жағдайлар туындауы мүмкін. Мысалы, серіктесінің барлық қалауы мен айтқандарына сөзсіз көніп, өз реніштерін ішке жұту немесе өзіне қолайсыз жағдайларға көну қалыпты жағдайға айналып кетуі ықтимал. Сондықтан ғашықтық пен махаббат кезеңінде, кез келген сау қарым-қатынаста екі адамның да пікірі, қажеттілігі мен жеке кеңістігі бірдей маңызды екенін ешқашан ұмытпау керек”, – деп қосты ол. 

Жұлдыз Мақатаева көп адам сезім күшейген сайын болашақтың салдарын ойламай жиі қателесетінін қоса кетті.

"Дәл осы кезеңде асығыс шешімдер қабылдап, ойламаған жерден ақша жұмсау немесе орындау мүмкін емес нәрселерге уәде беру сияқты әрекеттер бой көрсетеді. Бұл көбіне сүйіктісінен айырылып қалу қорқынышынан туындайды. Салдарынан орынсыз қызғаныш пен күдік күшейе түсуі мүмкін. Дегенмен, әр адам өз әрекетіне өзі жауапты болуы тиіс. Сезімнің қаншалықты күшті болуы ешқашан зиянды әрекеттерді ақтамайды. Өкінішке қарай, "адамды қатты сүйсең – қызғанасың, қызғансаң – демек сүйесің" деген қате түсінік қоғамда жиі қалыптасқан. Негізсіз қызғаныш өкінішті жағдайларға әкеп соқтырып, адамның жеке шекарасын бұзуға ықпал етеді”, – деп түсіндірді психолог.

Маман сол себепті қызғаныш сезімі оянғанда бірден айыптауға асықпай әрікім өз жан дүниесіне үңілуі маңызды екенін алға тартты. 

“Мен нақты нені жоғалтудан қорқып тұрмын?" деп өзіңнен сұрау қажет. Сонымен қатар мұндай жайттарды серіктесіңізбен ашық талқылау аса маңызды. Егер серіктестің телефонын тексеру, қайда барып, кіммен жүргенін аңдып, қадағалау әдетке айналса, бұл болашақта қарым-қатынастағы қауіпсіздік пен сенімді біржола бұзатын басты факторға айналады. Ғашық кездегі толқу, қобалжу, сағыну, мұңаю немесе кейде жылау — бұл қалыпты жағдай. Мұны дұрыс емес деп айта алмаймыз. Ең бастысы — бұл эмоциялардың адамның өміріне қалай әсер ететінін бағалай білу. Мәселен, тым қатты беріліп жылау, сол адамсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсу және бұл күнделікті тіршілігіңізге кері әсер ете бастаса, бұл — қалыпты емес”, – деп қосты ол. 

Осы тұста Жұлдыз Мақатаева шынайы әрі сау махаббатта адам өзіне айтылған "жоқ" деген жауапты қабылдап, өзгелердің жеке шекарасын құрметтейтінін жеткізді. Айтуынша, бұл кезде қауіпсіздік сезілуі керек.

“Ал қайта-қайта қоңырау шалу, аңду, қорқыту, мәжбүрлеу немесе "өзіме зиян келтіремін" деп қысым көрсету – бәрі қауіпті белгілер. Махаббатқа бола ұйқыңыз бұзылып, дұрыс тамақтанбай, өмірге деген қызығушылығыңыз жоғалып кетсе және бұл жағдай екі аптадан артық созылса, міндетті түрде маманның көмегіне жүгінген жөн. Өйткені ғашықтық — өте әдемі сезім. Бірақ ол өзіңізге немесе өзгеге қатер төндіре бастаса, уақытылы психолог немесе маман көмегіне жүгініп, сезімді қауіпсіз арнаға бұру маңызды”, – деп қорытты маман. 

Еске салсақ, бұған дейін дәл осындай форматта жақындарынан зорлық көрген қазақстандық қыздар неге үнсіз қалғандарын айтып берген еді. Олар желіде отбасы мүшелерінен, туғандары мен жақындарынан зорлық көргенін бөлісті. Ал психолог мамандары жазбалар анонимді түрде жарияланса да, бұл үрдістің жақсы екенін атап өтті.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 16 Қазан, 2026 10:00