Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатерлі ісікке шалдыққан жігітке ғашық болған қазақстандық қыздың махаббаты оны сырқатынан айықтырды

Қатерлі ісік ғашықтар
Фото: Отбасы мұрағатынан

Қазақстандық ерлі-зайыптының махаббат оқиғасы фильмнің желісі ме дерсің?! Бейтаныс жігіттің қатерлі ісікке шалдыққанын көріп, оған қолдау көрсетіп дем берген Аружан оның өмірлік жарына айналамын деп ойламаған. Әлеуметтік желіде басталған достық махаббатқа ұласып, тіпті ауыр сырқатты да еңсерді. Аружан Stan.kz редакциясына берген сұхбатында отбасына қарсы шығып, оған өмірлік уәде берген сәттерін еске алды.

Райымбек пен Аружанның таныстығы  Instagram желісінен басталған. Екеуінің ортақ досы желіге Райымбектің қатты ауырып жатқанын айтып, ақша жинап жатқанын жариялаған.

2024 жылы Райымбекке 3-сатыдағы "Оң жақ шап аймағындағы аралас герминогенді ісік" диагнозы қойылған. Райымбектің сөзінше, бір жұмыртқада бірнеше обыр жасушасы табылған. Бұл – әлем бойынша 600 адамнан ғана табылған обыр жасушасының бір түрі. Студент бұл аурудың бар екенін елемей, 1,5 жылдай білмей жүре берген.

“Сонда мен Райымбектің парақшасына кіріп бұрынғы суреттері мен ауырып жатқандағы суреттерін қарадым. Сонда жүрегім қатты ауырып кетті. “Осындай сымбатты, бойы ұзын, өнерлі жігіт қалайша ауырып қалды екен” деген ой мазалады. Мен бірден Райымбекке достық жіберіп, “Алла қаласа бәрі жақсы болады, міндетті түрде жазылып кетесіз” деп жекесіне хат жаздым. Райымбек те менің достығымды қабылдап, парақшамдағы суреттеріме лүпіл қойып, хаттарыма жауап берді. Сөйтіп бірде ол “Астананы сағындым” деп сурет жариялады. Мен оған елорданың тумасы екенімді айттым. Ал ол қатерлі ісікке шалдыққанын осы қалада білген екен. Сол күні екеуіміз ұзақ сөйлестік. Ол маған қатерлі ісікке қалай шалдыққанын, сыртқатты қалай қабылдағанын баяндап берді. Екеуіміз бір-бірімізден қолдау таптық. Дәл сол күні мен оған “егер сен мықты болуға уәде берсең, мен әрдайым сенің жаныңда боламын” деп серт бердім”, – дейді Аружан.
Қатерлі ісік ғашықтар
Фото: Отбасы мұрағатынан

Қызға мықты жігіттер ұнайтынын біліп, жылы сөздер естіп, қолдау алған Райымбек қатты қуанған.

“Ол “бұл жағдайдан кейін ешбір қызға ұнамаймын, енді үйленбеймін, болашағым жоқ” деп ойлаған екен. Менің ұнататыныма сене алмай, қайта-қайта сұрап жүрді. Оның қуанғанын көргенде ерекше сезімге бөлендім. Сол кезде мен оны шынайы жақсы көріп қалғанымды түсіндім. Оның қуанғаны, мені іздеп тұратыны, маған хат жазғаны маған бақыт сыйлады. Осылайша, біз сол танысқан күні  қыз-жігіт болып жүріп кеттік. Екеуіміз сөйлесіп бастаған күні ол Кореяда жалғызсырап жүргенін айтты. Ол Оңтүстік Кореяда 8 айдан бері ем алып жатқан екен.”, – дейді қазақ қызы.

Мұны білгенде ол Кореяға жолға шығатынын, жанында болғысы келетінін айтқан. Алайда танысқанына аз уақыт болған қыздың мұндай тәуекелге баратынына сенбеген.

“Ол менің ата-анамның мені жібермеуі мүмкін екенін айтып, бұл сөзіме күмәнмен қарады. Расымен, ата-анам маған рұқсат бермеді. Бірақ мен олардың қарсы болғанына қарамастан Кореяға билет алып, киімдерімді жинап, ата-анам ұйықтап жатқан кезде түнде Кореяға ұшып кеттім. Кореяға жеткенде телефонымды ашып қарасам ата-анам маған көп рет қоңырау шалған екен. Жағдайды айтып түсіндірдім, әкем біраз ашуланғанымен анам мені түсінді. Райымбек екеуіміз бірге өте жақсы уақыт өткіздік. Сонда жүріп екеуіміздің бір-бірімізге деген сезіміміз одан сайын ашылып, қарым-қатынасымыз нығая түсті. Мен Райымбекті шын сүйіп қалғанымды түсіндім. Елге оралатын күні түнде киімдерімді жинамақ болғанда Райымбек мені тоқтатып, кетпеуімді өтінді. Сол кезде екеуіміз қатты жыладық. Бірақ мен Райымбекке оны тастап кетпейтінімді айттым. Осылайша ол мені әуежайға шығарып салды”, – дейді Аружан.
Қатерлі ісік ғашықтар
Фото: Отбасы мұрғатынан

Ол Райымбектің жағдайын өте ауыр қабылдағанын, тіпті сауығып кеткенше көзі жастан құрғамағанын жасырмады. Сүйіктісіне күрделі ота жасағанда да жүрегін шүберекке түйіп күткені кезі әлі есінде.

“Бір күні Райымбекке өте ауыр ота жасалатын болды. Ол операциядан Райымбектің аман қалу-қалмауы екіталай еді. Сол кезде мен Райымбекке “егер сен осы сырқатты жеңіп,  толық жазылып шықсаң, саған тұрмысқа шығамын” дедім. Сонда Райымбек “жазылып шығамын” деген ниетпен өте ауыр операцияға күліп кіріп кетті. Операция кемінде 7 сағатқа созылды. Сол уақыт бойы дұға жасап, аман-есен шығуын тіледім. Арада 6-7 сағат уақыт өткенде жүрегім аласұрып, мазасызданып кеттім. “Бір нәрсе болып қалса ше, суық хабар келсе ше” деген қорқынышты ойлардан арыла алмадым. Сол кезде маған Instagram-ға кәріс қыздан “мен ояндым, жаным” деген хат келді. Райымбектің есін жиғаны туралы ең бірінші мен білдім. Бұл хабар ата-анасына да әлі жетпеген екен”, – дейді кейіпкеріміз.
Қатерлі ісік ғашықтар
Фото: Отбасы мұрағатынан

Қазір Райымбектің жағдайы жақсы. Аружанның айтуынша, ол әр үш ай сайын Кореяға барып анализ тапсырады, check up-тан, толық тексеруден өтеді.

“Соңғы рет наурыз айында барып келді. Анализдері жақсы шықты, бірақ жүрек тұсынан нүкте тәрізді дақ тауып алды. Дәрігерлер алаңдап мұны ұзақ уақыт зерттеді. Бірақ алаңдайтын ештеңе жоқ болып шықты. Олардың айтуынша, бұл нүкте кейін өзі кетеді. Қазір Райымбек өте қатты арықтап кетті. Бірақ жалпы денсаулығы жақсы”, – дейді ол.

Бүгінде Аружан Райымбек екеуінің махаббат хикаясына негізделген кітап жазып жатыр. Кітап жазу туралы ой Райымбек толық жазылып, өзіне үйлену туралы ұсыныс жасаған кезде келген. Кітаптың үзінділерін ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 

Қатерлі ісік ғашықтар
Фото: Отбасы мұрағатынан

Аружанның отбасы оның Райымбекке тұрмысқа шығуына қарсы болған. Алайда қос ғашықтың бір-біріне деген махаббаты барлығын еңсерді.

Қазір Райымбек пен Аружан – жас жұбайлар. Аружан тұрмыстық өмірдің өзіне қатты ұнайтынын айтты.

“Ата-енем де, Райымбектің атасы мен әжесі, яғни үлкен ата-енем де өте жақсы адамдар. Мені үнемі еркелетеді, қамқор, жанашыр жандар”, – дейді ол.

Райымбек қазір дата аналитик болып жұмыс істейді. Ал Аружанның өзі автомектепте қызметкер.

Еске салайық, бұған дейін Райымбек Дауылбаев есімді музыканттың күйзелістің кесірінен қатерлі ісікке шалдыққаны туралы жазған едік. Сол уақытта Райымбек Кореяда ем алып жүрген. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 09:30