Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен жазған жоқпын": Актер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпқа жауап берді

Нұрсұлтан Жақсыген, Фариза Алмазқызы

Фото: nstagram.com/zhaksygen_n/

Әзілкеш әрі актер Нұрсұлтан Жақсыген журналист Руслан Өтепбайдың сауалдарына жауап беріп, бұрынғы жұбайымен арадағы дауға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазір Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.

Осыған байланысты журналист Руслан Өтепбай актерден бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиеваның әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемелері туралы сұрады. Бұған дейін Фариза өзіне қатысты шындыққа жанаспайтын, ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпарат тарағанын айтқан еді.

Ал Нұрсұлтан Жақсыген даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін айтып, олардың жалған парақшалар арқылы жарияланғанын алға тартты.

“Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. “Бодимассаж жасайды” дегенді пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сынды пікірлер қалдырдым”, – деді актер. 

Руслан Өтепбай актерге “Егер сот сізді кінәлі деп таныса, не істейсіз?” деген сауал қойды.

“Әділ шешім емес деп есептеймін”, – деді ол.

Дәл осы тұсы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Желіде актердің сөзіне сенімсіздік танытқандар да, соттың шешімін күтуді ұсынғандар да бар. 

“Бүкіл халықты алдағысы келе ме?”, “Қатесін мойындату оңай емес”, “Сөзден жалтарып тұр” деген сарындағы пікірлер қалдырған.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген қазіргі уақытта үйқамақта. Бұған дейін оның қорғаушысы бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған. Тағылған айып бойынша актердің кінәсі дәлелденген жағдайда 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, сондай-ақ үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 14:35