Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүргізушілердің елдегі жанармай сапасына шағымы көбейген: Ал министр тағы 10-12 күн шыдауға шақырды

жанармай бензин pixabay

Әлеуметтік желіде көптеген жүргізушілер көлігіне жанармай құйғаннан бері міндетті түрде ақау пайда бола қалатыны туралы жарыса жазып жатыр. Жүргізушілердің мәліметінше, көліктен шығатын ақауға жанармайдың қатысы бар. Ал Қазақстанда неліктен бұндай мәселелер болып жатыр? Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жүргізушілер жаппай сапасына шағымданып жатыр. Соңғы кездері жүргізушілер жанармай құйғаннан бері көліктерде чек жанып, тіпті оталмай қалып жатыр дейді. 

“95-жанармайды құйдым. Кейін көліктің қозғалтқышында ақау бар екенін көрсетті. Алдымен нашар қоспалар туралы көрсетті, кейін форсункалар бітеліп, соңына оталдыру ұшқын шамы жанып кетті. Салдарынан жөндеу жұмыстарына шамамен 330 000 теңге жұмсалды. Бұдан кейін бұл жерден енді жанармай құймаспын”
“Алматылықтар, менде жанармаймен мәселе болып жатыр. Көлігім жаңа, бірақ дұрыс жүрмейді қозғалтқыш айналымы ауытқып кете береді. Кімде бұндай мәселе болып жатыр және қай жерден жөні дұрыс жанармай құюға болады?”
Коллаж бензин
Фото: Threads желісінен

“Астана Жібек жолындағы Qazenergy жанармай құю бекетінде 98-ге 20 литр құйды. Мұндай жағдайдан кейін оталдыру кезіндегі көлік дірілдейді, ал оталдыру ұшқын шамы мүлдем тұтанып кетті”

“Кеше Астанадан Алматыға дейін B48 моторлы BMW 7-мен АИ-98 жанармаймен шықтым. Алматыға жақындағанда, АИ-95 құйып, үстіне Октан плюс құйдым, содан кейін көлік нашар оталды. Қапшағайда машина мүлдем жүргісі келмеді. Трассамен Алматыға дейін көлікті қинауға тура келді. Барлық жүргізушілер сияқты енді бензин үшін форсункаларды ауыстыру керек. Қай жерде жақсы жанармай бар?”
“Астанада жанармайға не болып жатыр? Біздің сервистерде нашар әрең оталатын, тіпті оталмайтын және қоспа бойынша түрлі қателігі бар көліктердің саны күрт көбейді. Әртүрлі жанармай құю бекетінен эвакуатормен әкеліп жатыр. Негізінен жаңа көліктер оның ішінде BMW, Audi және Volkswagen, Mercedes-Benz және тіпті Toyota маркалы автокөліктер сынып келіп жатыр”
Дәл осындай жазбалардан Threads оқырмандары көз ашпай жатыр.

Сарапшы не дейді?

Stan.kz тілшісі Мұнай мен мұнай өнімдеріне сараптама жүргізетін компанияға хабарласып, қазіргі жанармайдың сапасы жайлы маманнан сұрап білді. 

“2008-2015 жылдар аралығында жанармай, дизель сынды мұнай өнімдерін алып зерттейтін едік. Сондай болса, мен сіздерге жанармай сапасы туралы нақты айта алатын едім. Ал қазір Қазақстанның ешбір қаласында бұндай зерттеу жұмыстары жасалынбайды. Сондықтан жанармай сапасына баға беру қиын”, – деді сарапшы Ақмарал Абдулла.

Ақмарал Абдулланың сөзінше, қазір мемлекеттік қадағалау жылына бір-ақ рет қана тексеріс жасайды. Оның өзі алдын ала ескертіліп отырғандықтан, барлығы тап-тинақтай болып отырады. Қазақстанда бензин тұрғысынан тексеріс өте төмен болып тұр.

Сарапшы жанармайдың сапасы қалай нашарлауы мүмкін екенін түсіндірді. Айтуынша, жанармай таза күйінде шыққаннан кейін ол автоцистернаға құйылып басқа өңірлерге жіберіледі. Діттеген жеріне жеткенше дейін оның сапасы бұзыла бастайды. 

“Енді шыққан жанармай автоцистернаға құйылғанда, басқа сапасыз партияларға қосылып кетіп, сапасы нашарлайды. Кейде біреулер әдейі газды конденсантпен немесе дестиллятормен араластырып сапаны нашарлатуы мүмкін. Осындай сапасыз жанармайлар қазір нарықта жүр”, – деп мәлімдеді сарапшы.

Ақмарал Абдулланың сөзінше, бұрын әкімдік Алматы қаласының экология тікелей жанармай сапасына байланысты екенін түсінетін және сарапшыдан жанармай сапасы бойынша есеп алатын. Кейін Бауыржан Байбек әкім болғаннан кейін әкімдік жанармай сапасын тексеретін конкурсты жауап тастаған. 

Сондай-ақ тілші бұл мәселе көршілес Ресейдегі жанармай тапшылығына қатысы бар, жоғын сұрап білді.

“Энергетика министрі Қазақстанда жанармай жеткілікті дейді. Менің ойымша бұл мәселеге Ресейді еш қатысы жоқ. Жанармайға ылғи да шағымдар болған және бола береді”, – деді сарапшы.

Сөз соңында сарапшы Ақмарал Абдулла мұнай мәселелердің шешімі тек жанармайға тұрақты түрде мониторинг жасап отыруды қайтару керектігін айтты. 

Бұл оқиға бойынша министр не дейді?

Үкіметте өткен брифингте журналистер министрге автокөлік иелерінің АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін қозғалтқыштағы проблемалар туралы шағымдары туралы айтып, тексерулер жүргізіле ме деп сұрады.

“Шын мәнінде, қазір әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу қозғалып жатыр. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар қаласына жіберілді. Олар қазір Павлодар зауытын отын сапасы бойынша бұзушылықтар тұрғысынан тексеріп жатыр," – деді Ерлан Ақкенженов.

Ақкенженов
Фото: видеодан скрин

Ақкенженов сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытынан бензиннің жаңа партиясын күтіп отырғандарын айтты.

“Сіздерге дәл қазір 10-12 күн шыдау керек, бензиннің жаңа партиясы жолда, атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан келе жатқанын және біз өте қысқа мерзімде тиісті сапаны қамтамасыз ететінімізді айтқым келеді," - деді министр.

Министр қазір отын сапасына қатысты ықтимал мәселелердің көзі анықталып жатқанын атап өтті. Жақын арада бәрін анықтап бұл мәселенің нүктесін қоятынын брифингте мәлімдеді.

Ислам Әден
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 15:54