Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 "Самұрықтан" қарыз алып, жеті басшыға 350 миллион теңге сыйақы төлеген

ГРЭС 2
Фото: samruk-energy.kz

Екібастұз ГРЭС-2 басқарма мүшелері 2025 жылдың қорытындысы бойынша 350,2 миллион теңге алған. Бұл сомаға жалақы, сыйақы және басқа да ынталандыру төлемдері кірген. Ал компания 2026 жылы банк алдындағы қарызын өтеу үшін өзінің акционері – "Самұрық-Қазына" қорынан қарыз алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Ақпарат Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды. Сыйақыны басқарманың жеті мүшесі алады.

самұрық
Фото: kase.kz

Электр станциясы үшінші жыл қатарынан шығынмен жұмыс істеп келеді. 2025 жылы оның шығыны 9,6 миллиард теңге, 2024 жылы – 10,7 миллиард теңге, ал 2023 жылы 17,3 миллиард теңге болған.

2026 жылғы қаңтарда ГРЭС-2 акционерлері "Самұрық-Энергодан" қарыз алуды мақұлдады. Бұл қаражат станцияның 2020 жылы үшінші энергоблокты салу және станцияны кеңейтіп, реконструкциялау мақсатында Halyk Bank-тен алған несиесінің негізгі қарызын өтеуге қажет болған.

Қарыздың нақты сомасы жарияланбады. Алайда мәміле көлемі ГРЭС-2 активтерінің баланстық құнының 28%-ы болды. Қаражат 20 жыл мерзімге беріледі.

Станция негізгі қарызды мерзім соңында өтеуі тиіс. Дегенмен кредитордың келісімімен қарызды мерзімінен бұрын өтеуге болады.

Шығынға батқан мемлекеттік электр станциясы банк несиесін өтеу үшін өзінің акционерінен қарыз алған. Кейін компания 2025 жыл қорытындысы бойынша жай акцияларға дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған. Алайда сонымен қатар басқарма мүшелеріне 350 млн теңгеден астам сыйақы төлеуге қаражат бөлген.

Бұл компанияда мүлдем ақша қалмады дегенді білдірмейді. Қарызды берешекті тиімдірек шарттармен қайта қаржыландыру үшін пайдалануы мүмкін.

ГРЭС-2 толықтай мемлекеттің бақылауында. Акциялардың 50%-ы "Самұрық-Қазына" қорына, тағы 50%-ы оның еншілес компаниясы "Самұрық-Энергоға" тиесілі.

Бұған дейін ГРЭС-2 акцияларының жартысына ресейлік "Интер РАО" компаниясы иелік еткен. Алайда 2020 жылы "Самұрық-Энерго" оның үлесін сатып алды.

Осыған байланысты Үкіметтегі брифингте "Самұрық-Энерго" өкілінен шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 басқарма мүшелеріне 2025 жылы не нәрсені негізге ала отырып сыйақы төленгені туралы сауал қойылды.

"Біріншіден, басқарма мүшелеріне берілетін сыйақы директорлар кеңесінің шешімімен бекітілетінін айта кетейін. ГРЭС акционерлері – "Самұрық-Энерго" және "Самұрық-Қазына", әрқайсысының үлесі 50%-ы. 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша қаржылық-шаруашылық есептілік жүргізілгеннен кейін директорлар кеңесі басқарма мүшелерінің KPI көрсеткіштерін орындағаны туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес оларға сыйақы берілді", – деді "Самұрық-Энерго" АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов.

Сондай-ақ спикер ГРЭС-2-нің компаниядан алған қарызы туралы сұраққа жауап берді. Айтуынша, қазір станция қаржылық дағдарыста. Сондықтан станция электр энергиясын өндіру бойынша операциялық қызметін жалғастырып, әрі қарай жұмыс істеуі үшін мерзімді түрде қаражат тартып, қарыздарды өтеуге бағыттайтынын атап өтті.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 15:00