Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда бала қоқыс төгетін жерде тұрып, мектепке бармаған

бала ата-ана мектеп
Фото: Видеодан скрин\баланың ата-анасы

Оралда қоқыс төгетін жерде тұрып жатқан он жастағы баланың қазіргі жағдайы мен оның мұндай күйге қалай түскені анықталды. Баланың ата-анасы ата-ана құқығынан әлдеқашан айырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

34 жастағы әйел баласының балалар ауылына қалай түскенін айтып берді.

Оның айтуынша, олар Деркул ауылында пәтер жалдап тұрған. Күйеуі қаладағы қоқыс полигонының маңында күзетші болып жұмыс істеген. Бір демалыс күні олар күйеуіне тамақ пісіріп беру үшін барған. Сол жерде баласы отын жағып, кейін оттан қорқып, қашып кеткен. Баласын қуып жете алмаған ана оны екі тәулік іздеген. Кейін баланың бір жерде жасырынып қалғаны белгілі болды. 

Анасы оны екі күн іздегеннен кейін полицияға барып, арыз жазған.

Кейін учаскелік полиция қызметкері баланың балалар ауылында екенін айтқан. Анасы сол күні баласына барған. Алайда оны қамқоршылық органдарына жіберген. Ол жердегілер отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, баланы ата-анасына қайтармайтындарын айтқан.

Әйелдің сөзінше, ол біраз уақыт баласымен бірге балалар ауылында түнеген. Кейін баласын 10 күнге ауруханаға тексерілуге апарған. Анасы оған тамақ пен қажетті заттарды беріп тұрған. Бірақ кейін баласының ауруханадан әлдеқашан шыққанын білген.

“Учаскелік полиция қызметкері келіп, баланың балалар ауылында екенін айтты. Сол күні мен балама бардым. Олар мені қамқоршылық органына жіберді. Сол жерде біздің тұрғылықты жерімізді тексеріп, арнайы акт толтырды да, баламды бізге қайтармайтынын айтты. Мен балалар ауылында баламның қасында бірнеше күн түнедім. Кейін оны тексеруден өткізу үшін ауруханаға 10 күнге апардым. Мен оған тамақ пен қажетті заттарды беріп тұрдым. Сөйтсем баланы әлде қашан ауруханадан шығарып қойған екен”, – деді әйел.

Бала бұрын мектепке бармаған

Анасының айтуынша, бұған дейін олардың үйіне полиция келіп, тұрмыс жағдайын ешқашан тексермеген.

Кейін полиция қызметкерлері баланы көшеде жалғыз жүрген жерінен байқап, бөлімшеге алып кеткен.

Анасы баласына туған күнінде, Жаңа жылда және Ескі жаңа жыл жылда барғанын айтады.

Қазір отбасының өз үйі жоқ. Олар қаладағы қоқыс полигонының аумағындағы қараусыз қалған ғимаратта тұрады.

Бала алты жасқа толғанда анасы оны мектепке бермеген. Оның айтуынша, өзі баласына үйде әріп үйретіп, оқуды және жазуды үйреткен.

Бала тек 8 жасқа келгенде оны мектепке бермек болған. Бірақ анасының айтуынша, мектеп оны тек даярылық сыныбына қабылдайтынын айтқан. Ал ата-анасы бұған келіспеген.

Олардың айтуынша, баланың жасы қатарластарынан үлкен болған.

Баланың 36 жастағы әкесі Деркулдегі жалдамалы үйге тіркеуге тұруды жоспарлаған. Бірақ үй сатылымға қойылып, олар тіркеусіз қалған.

"Мен қоқыс полигонында жұмыс істесем, әйелім мен балам сонда тұратын еді. Балам мектепке баратын еді. Бірақ тіркеусіз қалғандықтан, бұл ойымыз іске аспады", – дейді.

Баланың жоғалып кетуіне қатысты әкесінің нұсқасы анасының айтқанына ұқсамайды. Ер адамның айтуынша, олар баланы бір танысына қалдырған. Бала мыс қыздырмақ болған кезде өрт шығып, қорқып қашып кеткен.

Ата-анасы он жастағы баласының ақылды екенін айтады. Бірақ тексеру кезінде бала психологқа әдейі "оқи да, жаза да алмаймын" деп айтқан көрінеді.

“Баламен бір жыл бойы үйде сабақ оқыдым. Бала өзінің аты-жөнін біледі және әріптердің бәрін таниды. Ол бейтаныс адамдардан қорқып, психологқа дұрыс жауап бермеген болуы мүмкін”, – дейді анасы.

Баланың әкесі Оралдың тумасы. Оның өзі ешқашан мектепке бармаған және білімі жоқ. Ол тек өздігінен оқып-жазуды үйренгенін, сөздерді буындап оқитынын және тек бас әріптермен жаза алатынын айтты.

Ал әйелдің өзі жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген.

Ерлі-зайыптылар 10 жыл бұрын отбасы құрған. Кейін әйел енесімен ұрысып қалып, бөлек кеткен. Содан бері баласымен бірге жалдамалы саяжайлар мен қараусыз қалған үйлерді паналаған. 

Ерлі-зайыпты өз тұрмысын қалыпты жағдай деп санайды

Ата-анасы қараусыз қалған ғимаратта тұрса да, "өмір сүруге барлық жағдай жасалған" деп есептейді. Әкесінің айтуынша, олардың екі пеші бар, қыста үй жылы болады. Отынды уақытында сатып алады. Құдықтары бар, ал дәретхана сыртта орналасқан.

“Аптасына үш рет такси шақырып, моншаға барып жуынамыз. Қоқыс полигонынан бөтелке жинап, оны тапсырып ақша табамын. Айына кемінде 50 мың теңге табыс түседі. Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Нанымызға да, тамағымызға да жетеді", – дейді ер адам.

 Ерлі зайыпты ата-ана құқығынан айырылса да ішімдікті қоймаған

"Мұнда экология нашар, сондықтан кейде алкоголь ішеміз", – деп жауап берген.

Ал отағасы қоқыс полигонында шприцтер мен инелер көп болғандықтан әртүрлі инфекция жұқтырып алмау үшін ағзаны "залалсыздандыру" керек деп санайды. 

Ата-анасының айтуынша, олар баласына соңғы рет Ескі жаңа жылдан кейін барған. Кейін екеуі де ауырып, қатты жөтеліп қалған.

"Мүмкіндік болса, баламызды қуана-қуана алып кетер едік. Бірақ әзірге оған жағдайымыз жоқ. Тек баламызды көргіміз келеді", – дейді ерлі-зайыпты.

Әкесі әртүрлі жұмыстарды істей алатынын айтып, отбасын қамтамасыз ете алатынына сенімді. Ол құрылысшы, сылақшы, сырлаушы, сантехник болып жұмыс істеп, кафель қоя аламын деп сендірді. 

Бала аялдамадан табылған

Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 4 қазанында Оралдағы автобус аялдамасынан 10 жастағы бала табылған. Жанында ересек адам болмаған. Ол өзінің мекенжайын да, ата-анасының аты-жөнін де айта алмаған.

Полиция баланы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына апарып, тамақтандырған.

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың ауруханада дүниеге келгенін және анасы жүктілік кезінде дәрігерлердің бақылауында болғанын хабарлады.

2022 жылға дейін бала №6 қалалық емханаға қараған. Ол Меловые горы ауданында тұрған.

2022 жылдың тамызында анасы баланың құжаттарын, оның ішінде екпе картасын, емханадан алып кеткен. Ол Деркул жаққа анасына көшетінін айтып, қолхат жазған.

Бірақ кейін медицина қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барған кезде, бала ол жерде тұрмаған. Анасы жаңа мекенжай бойынша басқа емханаға тіркелмеген.

Он жастағы бала алғаш рет мектепке барды

Орал қаласының білім бөлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қазанына дейін анасы мен баласы қаладағы қоқыс полигонындағы қараусыз қалған ғимаратта тұрған.

Отбасының жағдайына полиция қызметкерлері назар аударғаннан кейін ғана бала балаларды қолдау орталығына жеткізілген.

Ол кезде баланың киімі лас, күтімі болған еді. Мектеп табалдырығын аттамағаны тағы бар.

Мамандар отбасының тұрмыс жағдайын бірнеше рет тексерген. Олар баланың қажетті құжаттарын алып, оны мектепке дайындай бастаған.

Балаға ерекше қолдау қажет болғандықтан, оны психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеруге жіберген.

Тексеруден кейін мамандар баланың оқуына лайықты бағдарламаны анықтап, ол қаладағы №15 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына барды.

2026 жылдың 6 қаңтарында бала облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына ауыстырылған.

Қазір баланы жағдайы жақсы. 

Білім бөлімінің түсіндіруінше, қазіргі кезде мұғалімдер мектеп жасындағы балаларды үйлерді аралап іздемейді. Болашақ бірінші сынып оқушылары туралы ақпарат емханалардан алынады. Ал бұл бала емханада тіркелмегендіктен, ол туралы ақпарат білім бөліміне түспеген.

Сондықтан бала 10 жасқа дейін мектепке бармай, білім беру жүйесінің назарынан тыс қалған.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 22:06