Қазақстанда бір пәннен "2" алған оқушы сыныптан қала ма? Министрлік ата-аналарға жауап берді
Қазақстанда мектеп оқушыларының білімін бағалау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Осыдан кейін әлеуметтік желіде бір пәннен "2" алған оқушы келесі сыныпқа өте ала ма, әлде оқу жылын қайта оқи ма деген мәселе қызу талқыланды. Stan.kz редакциясы ата-аналарды алаңдатқан сұрақтарды зерттеп, мектеп басшыларымен сөйлесіп, Оқу-ағарту министрлігінен сұрап көрді.
Оқу-ағарту министрлігі сауалымызға жауап беріп, жылдық "2" алған оқушыларды қайта бағалау тәртібі бұрыннан бар екенін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл талап 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрықпен бекітілген қағидалардың бұрынғы редакциясында да болған. Ал 2026 жылғы 16 қыркүйектегі №257-НҚ бұйрықпен қағидаларға өзгерістер енгізіліп, тәртіптің қолданылатын сыныптары нақтыланған.
Қолданыстағы талап 5–8 (9) және 10 (11)-сыныптарға қатысты.
Министрліктің түсіндіруінше, бір немесе екі пәннен жылдық "2" алған оқушы бірден сыныпта қалмайды. Оған сол пәндер бойынша оқу жылында өткен материалды қамтитын жиынтық бағалауды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Егер оқушы қайта бағалаудан кейін де "2" алса, жаңа оқу жылы басталғанға дейін қосымша жиынтық бағалау өткізіледі. Оның нәтижесі де қанағаттанарлықсыз болған жағдайда оқушы оқу жылын қайта оқуға қалдырылады. Ал үш және одан да көп пәннен жылдық "2" алған жағдайда оқу жылын қайта оқу қарастырылған.
Бастауыш сынып оқушыларына бұл талап қатысты ма?
Министрлік бастауыш сыныптарға қатысты бағалау тәртібінің бөлек екенін де түсіндірді.
1-сыныпта оқу жетістіктері балмен бағаланбайды. 2–4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау жүргізілгенімен, жылдық қорытынды бойынша "2" қойылмайды.
Сондықтан жылдық "2" алған жағдайда қайта бағалау және сыныпта қалу мәселесі негізінен 5-сыныптан бастап өзекті.
Осылайша, әлеуметтік желіде тарағандай, бір пәннен жылдық "2" алған оқушы автоматты түрде сыныпта қалып қоймайды. Оған алдымен білімін қайта көрсетуге мүмкіндік беріледі.
Ал ата-ана үшін бұл жағдайда ең маңыздысы баласының бір ғана бағасына алаңдау емес, оның қай тақырыпты меңгермегенін анықтап, сол олқылықтың орнын толтыру жолын мектеппен бірге қарастыру. Өйткені бір ғана "2" баланың қабілетіне шығарылған үкім емес. Ол оқушының белгілі бір пән бойынша оқу нәтижесінде қиындық болғанын көрсететін белгі ғана. Ең маңыздысы – сол қиындықтың себебін анықтап, балаға білімін толықтыруға мүмкіндік беру.
Министрлік жауабын негізге алған Stan.kz редакциясы мәселені практика жүзінде нақтылау үшін мектеп басшыларына сұрау салды.
"Баланы сыныпта қалдыруды жаза ретінде қолдануға болмайды"
Stan.kz тілшісі "Озат" оқу-білім орталығының директоры Еркежан Хамзаның пікірін білді. Ол оқушының бір немесе бірнеше пәннен үлгерімі төмен болған жағдайда оны бірден сыныпта қалдыру мәселені шешпейді деп есептейді. Оның айтуынша, мектептің басты мақсаты – баланы келесі сыныпқа өткізбеу емес, керісінше оның біліміндегі олқылықты анықтап, оқуын жалғастыруына мүмкіндік беру.
"Баланы сыныптан сыныпқа қалдыруды жаза ретінде қарауға болмайды. Себебі оқушы бір пәнді толық меңгере алмады екен деп, оның бүкіл оқу жылындағы еңбегін жоққа шығару дұрыс емес. Мұндай шешім баланың өзіне деген сеніміне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз мектепте мұғалімдерге де, сынып жетекшілеріне де баланы сыныпта қалдырмауға тырысу керек деген бағыт береміз. Бұл "бағаға көз жұма қарау керек" деген сөз емес. Керісінше, оқушының нақты қай жерден қиындық көріп тұрғанын анықтап, сол олқылықты жоюға жұмыс істеу қажет”, – дейді директор.
Сонымен қатар мектеп басшысы бағасы нашар оқушыны екінші жылға қалдыру ерекше жағдайда ғана қолданылатын шара екенін атап өтті.
“Әрине, бізде сыныпта қалған оқушылар да болды. Мұндай жағдай мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Бірақ ол ең соңғы шешім. Егер балаға бірнеше рет мүмкіндік беріліп, мұғалім тарапынан жұмыс жүргізіліп, ата-анамен байланыс орнатылып, соған қарамастан оқушы қажетті білім нәтижесін көрсете алмаса, онда оның келесі сыныпқа өтуі қаншалықты дұрыс деген мәселе туындайды. Мұнда тағы бір маңызды нәрсе бар. Кейде баланың бағасы төмен болғанымен, оның себебі білімнің жетіспеушілігі ғана емес. Оқушының сабаққа қатысуы, отбасындағы жағдайы, психологиялық күйі, белгілі бір пәнге деген қызығушылығы немесе мұғаліммен қарым-қатынасы да әсер етуі мүмкін. Сондықтан "екілік алды – демек оқымайды" деген қарапайым түсінікпен шектелуге болмайды”, – дейді Еркежан Хамза.
Сонымен бірге директор мектептің міндеті екі алдың деп қысым көрсету емес, оқуға жағдай жасау екенін алға тартты.
“Біздің тәжірибеде оқушымен жеке жұмыс істеген кезде нәтижесі жақсарып кеткен жағдайлар көп. Мысалы, бала бүкіл пәнді білмейді емес, нақты екі-үш тақырыпты түсінбеген болуы мүмкін. Сол тақырыптардың орнын толтырғаннан кейін оның басқа тапсырмаларды орындауы да жеңілдейді.
Мектептің де міндеті – осындай жағдайда баланы қорқытып, "сыныпта қаласың" деп қысым көрсету емес, оған жағдай жасау. Оқушыға білімін толықтыруға мүмкіндік берілсе, ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс істесе, көп жағдайда мәселені сыныпта қалдырмай-ақ шешуге болады. Біз үшін оқушыны келесі сыныпқа өткізбеу мақсат емес. Негізгі мақсат – оның келесі оқу жылына дайын болуын қамтамасыз ету", – деп сөзін түйіндеді директор.
"Бір ғана "2" баланың білім қорын толыққанды көрсетпейді"
Мәселенің екінші қыры – оқушының жыл соңындағы бір ғана бағасы оның бір жыл бойғы білімін қаншалықты көрсетеді деген сауал.
Бұл туралы Алматы қалалық №10 мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жамал Беркімбаймен сөйлестік.
Оның айтуынша, жылдық "2" алған оқушыға қатысты ең алдымен оның нақты қандай оқу мақсаттарын меңгермегенін анықтау маңызды.
"Бір ғана баға баланың бүкіл оқу жылындағы білімін толық сипаттайды деп айтуға болмайды. Сол себепті оқушыға нәтижесін жақсартуға мүмкіндік беріледі. Қайта бағалау кезінде оның пән бойынша негізгі оқу мақсаттарын меңгергені қаралады. Қайта бағалауға дайындық та соған қарай жүргізілуі керек. Егер бала белгілі бір тақырыпты түсінбесе, алдымен сол жердегі қиындықты анықтаған дұрыс", – деді Жамал Беркімбай.
Оның сөзінше, баланың не себепті төмен нәтиже көрсеткенін анықтамай тұрып, тек қорытынды бағаға қарап шешім шығару дұрыс емес.
"Бала бір пәннен төмен нәтиже көрсетуі мүмкін. Оның түрлі себебі болады. Сондықтан мұндай жағдайда оқушының нақты қандай тақырыптарды меңгермегенін анықтау қажет", – деді ол.
Ата-аналарды алаңдатқан негізгі сұрақтардың бірі – жазғы қайта бағалаудың өзі қалай өтетіні.
Жамал Беркімбайдің айтуынша, оқушыға оқу жылында мүлдем кездеспеген немесе бағдарламаға қатысы жоқ материал берілмейді.
"Қайта бағалау кезінде оқушыға сол пән бойынша оқу жылында өткен материал негізінде тапсырмалар беріледі. Сондықтан бұл бөлек, баланың бұрын көрмеген тақырыптарынан құралған сынақ болмауы керек. Оқушының пән бойынша нақты білімін көрсетуіне мән беріледі. Қандай тақырыптарды меңгергені, қандай оқу мақсаттарына қол жеткізгені қаралады", – деді ол.
Оның айтуынша, ата-ана баласын қайта бағалауға дайындағанда барлық оқу материалын бірдей қайталауға тырыспай, оның нақты қиналған тұстарына назар аударғаны дұрыс.
"Егер бала белгілі бір тақырыпты түсінбесе, алдымен сол жердегі қиындықты анықтаған дұрыс. Мұғаліммен сөйлесіп, қандай материалды қайталау керегін біліп алған жөн", – деді ол.
"Балаға жазда қосымша жүктеме түседі"
Қайта бағалау жазғы кезеңге сәйкес келсе, бұл баланың демалысына да әсер етуі мүмкін.
Жамал Беркімбайдің айтуынша, мұндай жағдайда баланың психологиялық жағдайын да назардан тыс қалдырмаған жөн.
"Бала үшін жазғы уақыттың да маңызы бар. Ол 3 ай жазын түгел қайта бағалауға арнамауы керек. Миы демалып, келесі оқу жылына дайықпен өткізгені дұрыс. Сондықтан қайта бағалауға дайындық кезінде оның психологиялық жағдайы да ескеріледі. Мұнда ата-ана мен мұғалімнің байланысы маңызды. Балаға қай жерде қиын болғанын анықтап, соған қарай жұмыс істеген кезде нәтиже де болады. Мұғаліммен сөйлесіп, қандай материалды қайталау керектігін біліп алған жөн. Сонда қайта бағалау да бала үшін түсінікті болады. Әрі қайта бағалау бірнеше мәрте өткізіледі. Ата-ана, мұғалімдер баламен тыңғылықты жұмыс істесе, оқушы да ұмтылса, келесі жылға қалмайды деп ойлаймын", – деді ол.
Әділ баға қойылмаса, не болады?
Қайта бағалауға қатысты тағы бір мәселе – ата-аналар кейде бағаның әділдігіне күмәнданып жатады.
Мектеп директоры орынбасарының айтуынша, мұндай жағдайда бағамен келіспесе, мектептен сұрау сауға болады.
"Қайта бағалау кезінде оқушыға сол пән бойынша оқу жылында өткен материал негізінде тапсырмалар беріледі. Ата-ана баласының бағасына қатысты сұрақ туындаса, мектептен түсініктеме сұрауға толық құқылы. Бағаның қандай негізде қойылғанын білуі керек. Бағамен келіспесеңіз, мектепке өтініш бере аласыз", – деді Жамал Беркімбай.